Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тамақ өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін кәсіпорын – «Мағаш нан» зауытының жұмысымен танысты.
«Мағаш нан» ЖШС 1991 жылы алғашқыда наубайхана болып ашылған. Кейін кәсіпкер Айтжан Сауғабаев шағын нысанды кеңейтіп, үлкен зауытқа айналдырды.
Бүгінде бұл серіктестік - елдегі ең ірі нан комбинаттарының бірі. Мұнда ұннан дайындалатын кондитерлік, нан және макарон өнімдерінің 200-ден астам түрі шығарылады. Тәулігіне 50 тонна нан-тоқаш және 24 тонна макарон өнімдері дайындалады. Мекемеде 512 адам еңбек етеді.
Нұрлан Ноғаев 30 жылдан бері өңір халқын нан және макарон өнімдерімен қамтамасыз етіп келе жатқан комбинат жұмысшыларымен кездесіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар келген мерейтоймен құттықтап, қызметте толағай табыс тіледі.
Сондай-ақ өңір басшысы бірқатар жергілікті атқарушы орган басшыларына облыста өндірілетін азық-түлік тауарларының көлемін аттыруды тапсырды.
Бүгінде Маңғыстау облысына негізгі азық-түліктің 80%-ы еліміздің басқа аймақтары мен шетелден тасымалданады. Ал өңірде негізінен бау-бақша, ұн өнімдері, сүт және қышқыл сүт өнімдері, ет және балық өнімдері шығарылады.
Биыл іске қосылған «Ақтау Агро» және «Туман Шах» тауық етін өндіретін қос кәсіпорын өңір қажеттілігінің 25,5%-ын қамтып отыр.