Иранда Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, құқық қорғаушы Наргиз Мухаммеди 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Anadolu-ға сілтеме жасап.
Иранда өткен жылы еске алу рәсімі кезінде ұсталған Наргиз Мухаммеди сот үкімімен 7 жыл 6 айға сотталды.
Entekhab сайтының мәліметінше, Мухаммедидің адвокаты Мустафа Нили жазбаша мәлімдеме жасап, Мешхед революциялық соты оны "мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы қылмыстарға сөз байласу және ынтымақтасу" бабы бойынша 6 жылға, «үгіт-насихат жүргізу» бабы бойынша 1 жыл 6 айға соттағанын айтқан. Сонымен қатар оған қосымша жаза ретінде екі жылға шетелге шығуға тыйым салу және екі жылға жер аудару жазасы тағайындалған.
Ирандық белсенді Наргиз Мухаммеди 2025 жылғы 12 желтоқсанда Мешхед қаласындағы Гадир мешітінде өткен еске алу рәсімінде өзге белсенділер және азаматтармен бірге ұсталған.
Наргиз Мухаммеди 2023 жылы Иранда қысым көріп отырған әйелдердің құқықтары үшін күрескені үшін Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын алған. Ол құқық қорғау қызметімен және адам құқықтарын қорғаудағы белсенді ұстанымымен танымал.
Бұған дейін Мухаммеди «ұлттық қауіпсіздікке қарсы әрекет жасады» және «режимге қарсы үгіт жүргізді» деген айыптармен сотталған. Сондай-ақ ол 2019 жылы жанармай бағасының қымбаттауына байланысты болған наразылықтар кезінде қаза тапқандарды еске алу шараларына қатысқан. 2021 жылдың қарашасында ол түрмеге қамалып, кейін өткен жылдың соңында бұрынғы үкім бойынша Эвин түрмесінен босатылған.
Қазіргі таңда Мухаммедиге тағайындалған жазалардың жалпы мерзімі 15 жыл 6 айды құрайды.