NIS Желілік Спартакиада жеңімпаздары анықталды

30 Желтоқсан 2019, 21:58
7393
Бөлісу:
NIS Желілік Спартакиада жеңімпаздары анықталды

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда волейбол мен баскетболдан Назарбаев Зияткерлік мектептері арасындағы Желілік спартакиада өз мәресіне жетті. Ақтық мәреге спорттық жарыстың аймақтық кезеңінде топ жарған мектеп командалары қатысты. 

Алматы қаласы физика-математика және химия-биология бағыттарындағы Зияткерлік мектептерде үш күн бойы жалғасқан спартакиада тартысты бәсекелер мен достық ахуалда өтті. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар спортқа деген сүйіспеншілікті еселендіріп, командалық рух пен зияткерлердің өзара ынтымақтастығын нығайта түседі. 

IMG_3593.JPG

Спорттық жарысқа жалпы саны 200-ге жуық оқушы қатысты. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кубоктар, медальдар және арнайы дипломдар табыс етілді.

Баскетболдан ұлдар арасындағы I орынды Шымкент қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары иеленді. 

Жүлделі II және III орындарды Оралдағы физика-математикалық және Қарағандыдағы химия-биологиялық бағыттағы зияткерлік мектептердің спортшылары бөліп алды. 

Ал қыздар арасында баскетболдан өткен тартысты бәсекенің жеңімпаздары болып Ақтөбенің физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп бұрымдылары танылды. Екінші орынды Қарағандының химия-биологиялық бағыттағы Зияткерлік мектеп арулары иемденсе, үшінші орын Нұр-Сұлтан қаласының IB мектебіне бұйырды. 

IMG_3603.JPG

Ең алдымен, осындай шара ұйымдастырған "Назарбаев Зияткерлік мектептері" Дербес білім беру ұйымына үлкен алғысымызды білдіреміз. Осындай шаралардың арқасында біз басқа балалармен тығыз қарым-қатынас орнатып, жаңа достар таптық. Жеңісіміз біз үшін өте құнды. Әрине, оған жету оңай болған жоқ. Десе де, жеңіске деген сенімділік, жылдар бойғы дайындық бізге демеу болды. Сондай-ақ, бізге қолдауын аямаған Ақтөбе қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне алғысымыз мол!, - дейді Ақтөбе қаласынан келген спортшы Дильназ Жалмағанбет. 

Сондай-ақ, спартакиада барысында жақсы ойын көрсеткен спортшылар арнайы номинациялармен марапатталды. Баскетболдан "Үздік ойыншы" аталымы елордалық Нұрасыл Жақанов пен ақтөбелік Медина Дюсембинаға берілсе, қарағандылық Владислав Несвельдин мен Валерия Сотникова "Үздік орталық ойыншылар" болып танылды. "Үздік шабуылшы" аталымын шымкенттік Әли Сүлеймен мен астаналық Сұлтанқызы Биназир алса, "үздік қорғаушы" аталымы оралдық Ердәулет Исманалиев пен шымкенттік Алина Боргульге бұйырды. 

IMG_3668.JPG

Волейболдан ұлдар арасындағы спартакиада чемпионы атағына Павлодардың, ал екінші орынға Петропавлдың химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектеп командалары ие болды. Үшінші орынға Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп спортшылары тұрақтады. 

Қыздар жарысында волейболдан айқын жеңіске Нұр-Сұлтан IB мектебінің командасы жетті. Екінші орынды зияткерлерді өз алаңында қарсы алған Алматы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектеп командасы иемденсе, 3-орынды ақтаулық зяиткерлер қанағат тұтты.  

Арнайы марапаттар мен дипломдарға командаларды спорттық жарысқа дайындаған бапкерлер мен зияткерлердің денсаулық жағдайын бақылауда ұстаған медицина қызметкерлері де ие болды.

Өзгелердің жаңалығы