Нидерландта 22 маусым мен 5 шілде аралығында жалғасқан аптап ыстық кезінде күтілген көрсеткіштен 900-ден астам адам көп қайтыс болды. Бұл туралы елдің Қоғамдық денсаулық және қоршаған орта ұлттық институты (RIVM) мәлімдеді.
Мекеме нақты өлім себептері анықталмағанын, алайда олардың көпшілігіне аптап ыстықтың әсері болғаны «әбден мүмкін» екенін атап өтті. Қайтыс болғандардың басым бөлігі – 80 жастан асқан қарт адамдар.
RIVM мәліметінше, егде жастағылар қатты ыстыққа өте осал келеді. Себебі олардың ағзасы дене қызуын реттеуде тиімсіз жұмыс істейді, терлеу деңгейі төмен болады және сусыздану қаупі жоғары. Сондай-ақ жүрек-қан тамырлары мен өкпенің созылмалы аурулары бар адамдар да ерекше қауіп тобына жатады.
Институттың хабарлауынша, аптап ыстық кезінде ауа сапасының нашарлауы халықтың осал топтары үшін денсаулыққа төнетін қатерді одан әрі күшейткен.
Өлім-жітімнің артуы елдің барлық өңірінде тіркелгенімен, ауа температурасы ең жоғары болған оңтүстік және шығыс аймақтарда көрсеткіш айтарлықтай жоғары болды. Артық өлім-жітім барлық жас санатында байқалғанымен, ең үлкен өсім 80 жастан асқан тұрғындар арасында тіркелді.
22–28 маусым аралығында 586 артық өлім жағдайы тіркелсе, 29 маусым мен 5 шілде аралығында тағы 325 адам күтілген көрсеткіштен артық көз жұмған. RIVM мұны аптап ыстықтың кейінгі салдарымен байланыстырады, өйткені кейбір адамдар температура төмендегеннен кейін де ыстықтан туындаған асқынулардан қайтыс болған.
Айта кетейік, бұл аптап ыстық кезінде Нидерландтың KNMI метеорологиялық қызметі алғаш рет төтенше ыстыққа байланысты ең жоғары деңгейдегі ескерту жариялады. Мұндай ескерту тіпті 2019 жылғы рекордтық ыстық кезінде де берілмеген.