Бас жаңалықтар
Жуалы шаруаларның тәжірибесін өзгелер де үйренуі керек
24 Маусым 2021, 09:58 9617

Жуалы шаруаларның тәжірибесін өзгелер де үйренуі керек

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мал азығын қамдау – ең маңызды мәселе. Өйткені мемлекеттің маңыз берген салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Сол себептен де тауар өндірушілерге барынша қолдау жасалып, түрлі бағдарламалар арқылы көмек берілуде. 

Бұл туралы Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов айтып берді. Оның пайымынша, мал азығының қажетті қоры жинақталмай, төрт түлік шаруашылығы ешқашан қарқынды ілгерілемейді. 

Мал басын көбейтуді, күтіп-баптауды көне заманнан кәсібіне айналдырған ата-бабаларымыз неге төрт түліктің соңында ұланғайыр даланың ана басы мен мына басына көшіп-қонып жүрді? Себеп сол, еліміздің ауа райы мен жеріміздің ерекшеліктеріне байланысты бұл әдіс кәнігі табиғи жайылымдарды барынша игілікке пайдалана білудің жолы болған. Қазіргідей техника да, ғылымда көз ілеспес жылдамдықпен өркендеген кезеңде мал өсіру шаруашылығында азықтандыру мәселесі көбінесе дала жайылымдары мен шабындық жерлердің ахуалына әлі байланып отыр. Жаңа технологияға негізделген жаңалықтар төрт түліктің жем-шөбін әзірлеуді бүгінгі уақыт тұрғысынан толық шешудің тың жолдарын көрсеткенімен, біз оны әзірге игере алмай келеміз, - деп түсіндірді Қайрат Тілеубайұлы. 

Жергілікті шенеунік сүрлем мен пішендеме әзірлеу әдістерінің мүмкіндіктері барынша игерілмей жатқанын да алға тартты. Осыдан соң кейбір аймақтардағы шаруа қожалықтардың көбісі дайын жем-шөптің жетіспеушілігі бастан өткеруде. Бұл мәселені бүгінде Жуалы ауданының шаруалары ұтымды шешуге тырысып жатқан көрінеді. Онда сүрлем мен пішендеме дайындау тәжірибесі әлі күнге жалғасын тауып келеді. Биыл ауданда оның мөлшерін бірнеше есеге арттыру межеленген екен. 

Бұл тәжірибені алдағы уақытта өзге аудандарда да қолға алу жоспарлануда. Биыл мал қыстату науқанына Жамбыл облысы бойынша 952 мың шартты бас мал түседі деп күтілуде. Оның 460 мың басы мүйізді ірі қара санатына жатады, 35 мың басы қой-ешкі, 149 мың басы жылқы, 7,9 мың басы түйе. Кейінгі төрт-бес жылда орын алып жатқан қаһарлы қыс айлары мен жауған қардың қалыңдығы шаруашылықтарға шөп әзірлеудің қаншалықты маңызы зор екендігін ескертті десе де болады. Осы науқанға биыл қызу кіріскен шаруашылықтар малды қыстан аман алып шығу мақсатында облыс бойынша 1 миллион 713 мың тонна пішен, 58 мың тонна пішендеме, 583 мың тонна сабан, 54 мың тонна сүрлем, 645 мың тонна құнарлы мал азығын дайындауды жоспарлап отыр, - деді басқарма басшысы. 

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Жамбыл облысының барлық аудандарында мал азығын дайындау жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, бүгінгі таңда 159,7 мың гектар алқаптың жоңышқасы мен 4,3 мың гектар алқаптың табиғи шабындығы шабылып, қора-қопсы мен қыстақтар маңына жиналған. Жалпы мал азығы үшін 467,8 мың тонна пішен, 27,6 мың тонна пішендеме дайындалған. Биыл ораққа түсетін 348 684 гектар шабындықтың жартысынан астамы орылған. Әлі ораққа түсетін 150 мыңнан астам шабындық бар. 

Рас, биыл шөптің бағасы да құбылып тұр. Өткен жылы бір тайланған шөптің бағасы 400 бен 500 теңгеден басталған болса, биыл 1 000 мен 1 500 теңгенің, табиғи шөп 600 бен 1000 теңгенің аралығында өткерілуде. Бұл ең алдымен мал баққан шаруалардың қалтасына салмақ салуда. Жалпы, пішен дайындау бойынша жоспар Меркі ауданында – 62, Жамбылда – 46,8, Байзақта 43,2 пайызға, пішендеме дайындау Жамбыл ауданында – 100, Меркіде 94,5 пайызға орындалған, - деді Аманов. 

Айта кету керек, мамандардың пайымынша, көктем айларындағы ауа райының қолайсыздығы шабындықтардағы мал азығына дайындалатын өнімді төмендетіпті. Сондай-ақ республиканың кейбір өңірлерінде қуаңшылық орын алып, бұл жағдай мал азығына деген сұранысты арттыра түскен. Осыған байланысты жем-шөп нарығында пайда болған делдалдар мен сырттан келіп сатып алушылар мал азығы бағасының негізсіз өсуіне әсер етуде. 

Қазіргі уақытта барлық аудандарда бірінші ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету жолдары қарастырылып жатыр. Сондай-ақ жем-шөп бағасының негізсіз өсуіне бақылау жүргізу, мал азығын көрші облыстарға шығаруға шектеу қою және сай-сала мен өзен арналарын зерделеп, қосымша пішен дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар әлі де жалғаса береді, - деп нақтылады басқарма басшысы.


Фото: дереккөз
Загрузка...