Адамдармен қарым-қатынас жасауды үйренеміз – жас волонтер

6 Ақпан 2019, 13:05
3332
Бөлісу:
Адамдармен қарым-қатынас жасауды үйренеміз – жас волонтер

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде қаладағы жас тұрғындар үшін өзін дамытуға түрлі мүмкіндік бар. Мұндай мүмкіндікті әкесінің кеңесімен қолған Ұлпан Изакова Корей мәдени орталығында бір жылдан бері волонтер болып жүр.


Ұлпанды елордадағы Корей мәдени орталығында кәріс жаңа жылы – Сольналь мерекесін тойлау барысында сөзге тарттық.

– Мен Корей мәдени орталығының бірінші саппортермін. Яғни кәріс мәдениетін Қазақстанда насихаттайтын волонтерлармыз. Біз мұны онлайн және оффлайн жасай аламыз. Мысалға, әлеуметтік желілерде мәдени орталықтың шаралары туралы жазамыз. Бүгінгі Сольналь мерекесі туралы да хабарландыру тараттық. Осылардың барлығын тегін жасаймыз. Сонымен қатар бүгін осында келген қонақтар үшін сыйлық таратамыз.
Сонда волонтерлыққа қалай іріктейді?
– Волонтер ретінде қабылдану үшін алдымен онлайн өтініш толтырамыз, одан өтсек, орталыққа сұқбаттасуға келеміз. Олар бізге түрлі сұрақ қояды. Кәріс мәдениетіне қаншалықты қызығатынымызды көрсетеміз. Сосын бізге сынақ мерзімін береді және біздің іс-әрекетімізді бақылайды. Әзірге бәрі жақсы. Волонтерлардың арасында ешқандай проблема болған емес. Бәрі тамаша өтіп жатыр. Басында 15 адамнан сайланды. Сол командадан 8 адам ғана қалдық. Кейін екінші командаға 15 адам жиналды. Бірақ олардан қанша адам қалатыны әлі белгісіз. Біз болашақта тағы көбірек волонтер жинауды жоспарлап отырмыз. Осылайша бізде үлкен база болады. Менің волонтер болып жүргеніме 1 жыл болды, ал жалпы орталықтың қызмет түрлерін пайдаланып, келіп жүргеніме 3 жыл толды.
Неліктен корей мәдениетін таңдадыңыз?

– Менің әкем – кәріс, анам – қазақ. Әкем менің кәріс ұлтының мәдениетімен жақынырақ танысқанымды қалады және мен «неге байқап көрмеске» деп ойландым. Сосын қызыға бастадым. Кейін қазақ және кәріс мәдениеті арасындағы тығыз, жан-жақты ұқсастық бар екенін түсіндім. Енді осы екі мәдениетті жан-жақты насихаттағым келеді. Бұл – ғана емес. Волонтерлық біздің жан-жақты дамуымызға, таным-түсінігімізді арттыруға мүмкіндік береді. Адамдармен қарым-қатынас жасауды үйренеміз. Болашақта қызмет барысында да таптырмас қасиеттерді меңгеріп жатырмын десем де болады. Волонтерлықты жақсы көремін.
Сабақ пен волонтерлықты қалай қоса алып жүрсіз?
– Мен колледждің бірінші курсында оқимын. Волонтерлықта онлайн түрде күнде үйде не колледжде отырып-ақ түрлі пост салуға болады. Сондықтан уақытымды алмайды. Кейде колледжде студенттерге қағаз түрінде хабарлама таратамын. Кейін қызығушылық танытқандар маған хабарласады. Мен оларға шара туралы ақпарат беремін. Сондықтан уақытпен байланысты менде мәселе болған емес. Ал орталықтағы шаралар көбіне сабақтан кейінгі уақытта өтеді. Осылайша сабақтан да қалмаймын.
Ұлпан, сізге сәттілік тілейміз. 
Айта кетейік, мерекені тойлау барысында корей ұлттық киімі ханбокты киіп көру, сэбе ілтипатын жасау, ұлттық ойындар, корей тағамдарын жасау және көркемсуреттерді бояудан шеберлік сабақтары болды.

    Рахиля Бекназарқызы

 

Өзгелердің жаңалығы