Бас жаңалықтар
Жаңаөзенде аймақтық бағдарлама аясында 182 жұмыс орны ашылды
24 Мамыр 2019, 17:58 632

Жаңаөзенде аймақтық бағдарлама аясында 182 жұмыс орны ашылды

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы мұнайшылар қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев аймақ әкімінің қатысуымен өткен жиында мәлімдеді. 

Қоғам белсенділері және тұрғындардың қатысумен өткен кездесуде Жаңаөзеннің экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштері таныстырылды. Жыл басынан бері жергілікті қазынаға 10,4 млрд теңге инвестиция салынған. Қазіргі таңда Маңғыстау өңірінің Ақтаудан кейінгі екінші қаласында 7,7 мың шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Бұл, өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 19,8 процентке артық көрсеткіш. 

Бизнесін ашып, өз бетімен табыс табуға ниетті тұрғындар үшін облыста қазақ елінде және көрші мемлекеттерде баламасы жоқ «Нұр Капитал» аймақтық бағдарламасы жүзеге асып келеді. Оның негізінде Ақтаудан басқа елді мекен халқына 30 млн теңгеге дейін несие қаржыны бар-жоғы бір процентпен беру қарастырылған. 

Бүгінде осы бағдарлама арқылы 27 кәсіпкер өзіне қажет қаражатын алды. Олар қолға алған жобалар қосымша 182 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп отыр.
Осы аймақта «Бизнес 3 күнде» деп аталатын тағы бір пилоттық жоба сәтті жүзеге асып жатыр. Шарапатын көрген қала тұрғындарының бірі - Наурызбек Алдабергенов. Ол ашқан жылыжайға облыс әкімі Ералы Тоғжанов та барып танысқан.  
Кәсіпкерлер көмектесіп, жоба құрылысына қажетті жабдықтарды сатып алып, жеткізіп берген соң Наурызбек жұмысқа кірісті. Қазір алғашқы өнімін жинап алуға дайындық үстінде. 

Осы жоба аясында Зухра Елубаева, Үтебике Әбішева сынды көп балалы аналар да меценаттардың қолдауымен кәсіп бастаған. Бүгінде құрақ көрпеден бастап қыз жасауын әзірлеп, тапсырыстарын уақытында орындап келеді. 

«Бұдан басқа мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде сапалы және жайлы өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасау арқылы азаматтарды еңбекпен тапшы солтүстік өңірлерге көшіру бойынша шаралар іске асырылуда. Бұл үшін мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. «ӨзенМұнайГаз» компаниясының қатысуымен отбасының әрбір мүшесіне 100 мың теңге көлемінде қосымша бір жолғы материалдық көмек төленеді» - деп қосты Әділбек Дауылбаев жиында сөйлеген сөзіне. 

Айта кетейік, бұл бағдарламада қарастырылған 88 мың теңгеден бөлек отбасының әр мүшесіне көшуге 188 мың теңгеден беріледі.
Қала тұрғындарына арнаған сөзінде өңір басшысы халықтың өмір сүру деңгейін арттыру - Елбасы қойған басым міндеттердің бірі екендігін, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында арнайы іс-қимыл жоспары жасақталғанына тоқталды. Қордаланып қалған өзекті мәселелерді жедел әрі оң шешу үшін жоспарға сай жұмыстардың атқарылып жатқанын мәлімдеді. 

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов қала активімен кездесуден соң Жаңаөзеннің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымдық жобалармен танысты. Ағымдағы жылы Мерей, Бостандық, Мұнайлы сынды шағын аудандарда және Теңге ауылында жалпы ұзындығы 18,3 шақырымды құрайтын көлік жолы салынады деп күтілуде. 

«Бұл жұмыстар келер маусым айында басталып, биылғы жылдың желтоқсан айында аяқталатын болады. Екінші жартыжылдықта «ӨзенМұнайГаз» мекемесінің қаражаты есебінен медициналық орталықтың құрылысы басталады. Жоспар бойынша 2020 жылы нысан жаңа жоғары сапалы жабдықтармен пайдалануға беріледі деп отырмыз» - дейді қала әкімі. 

Әділбек Дауылбаевтың айтуынша, Жаңаөзенге қарайтын Рахат пен Теңге ауылдарындағы көлік жолдарын, инженерлік желілерді жаңғыру жұмыстарын бастау, сондай-ақ қосымша көше жарықтарын салу күн тәртібінде тұр. 

Мемлекеттік «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» бағдарламасы шеңберінде қаладағы су тазарту құрылғысынан Мерей шағын ауданына дейін су құбырын тартудан бөлек тағы төрт мөлтек ауданға дренаж және кәріз жүйесін жүргізуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінетіні де айтылды.
Аймақ әкімі барып, құрылысымен танысқан келесі нысан «Бейбітшілік» тұрғын үй кешені болды. Жобаға қарайтын төрт тұрғын үй салынып бітуге жақын. Жауапты мамандар оның бір бөлігін шілде және қыркүйек айларында пайдалануға беруге уәде беріп отыр. 

Бұдан соң аймақ әкіміне Жаңаөзен қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа Кешенді жоспары таныстырылды. Үкіметпен қабылданған жоспарға сәйкес, мазутталған топырақты биологиялық тазарту жобасы жуық арада жүзеге аспақ. Демеуші компания қаржыландыратын жоба аясында «Таза су» аталатын мекеме құрылмақ. Оған 54 жұмыссыз тұрғын қабылданатын болады.
Бұдан өзге, облыс орталығында жұмыс істеуге ниетті жаңаөзендік жастар үшін тегін жатақхана беріледі. Бұл реттегі қаражатты да жергілікті мұнай компаниясы төлейді.


Фото: автордан
Загрузка...

Сізден жаңалық