Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов айтты.
Жаңажылдық мерекелерге қарсы қосымша шектеулер енгізілмейді. Қазір қолданыстағы карантиндік шектеулер бар. Оның үстіне «қызыл» аймақтағы жағдайға негізделген қазіргі қолданыстағы шектеулер сол деңгейде сақталатын болады. Жаңажылдық мерекелерге қатысты баса айтарым, мерекелік дастархан тек отбасы мүшелері үшін ғана жайылуы керек. Өйткені, АҚШ-та алғыс айту күнінен кейін сырқаттанушылық көрсеткішінің күрт артқанын көріп отырмыз. Мұндай жағдай біздің елде де қайталанбауы үшін қазақстандықтардан ұжымдық отырыстар мен жолға шығуды шектеу тұруын сұраймыз. Қаулыға сәйкес, ұжымдық отырыстарға тыйым салынған, - деді ол.
Бас санитар көпшілік санитарлық нормаларға қатысты тиісті ұсыныстар мен қаулыларға салғырт қарайтынын да жасырмады.
Түрлі заңсыз шаралар мен отырыстарды мониторингтік топтар бақылайтын болады. Бірақ, енді қандай да бір жекелей ұсыныс немесе қаулы жасалмайды, барлығы да осыған дейін жарияланған ережелер негізінде жұмыс істейтін болады. Шектеулер әр өңірдегі эпиджағдай бойынша қажетті деңгейде қолданылатын болады, - деді Қиясов.
Бұған дейін еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері бүгінде республиканың «жасыл» аймақта тұрғанын мәлімдеген болатын.