Ұлттық құраманы отандық бапкерлер жаттықтыруы керек – футбол сарапшысы

9 Желтоқсан 2020, 15:47
1780
Бөлісу:
Ұлттық құраманы отандық бапкерлер жаттықтыруы керек – футбол сарапшысы
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пандемия жағдайында ерекше футбол маусымы аяқталды. Биыл бірде-бір клубымыз еурокубок ойындарының топтық кезеңіне жете алмады. Ұлттық құрама ұлттар лигасында ең соңғы орында қалып қойды. Премьер-лигада 16 жылдан кейін «Қайрат» чемпион атанды. Осы ретте кезінде «Қайрат» сапында өнер көрсеткен ардагер қорғаушы, футбол сарапшысы Юсуп Шадиевтің биылғы маусымға байланысты пікірін білген едік.

Тілші: Қазақстанда футбол маусымы аяқталды. Биылғы премьер-лига туралы не айтасыз?

Юсуп Шадиев: Чемпионат психологиялық тұрғыдан барлығына қиын болды. Пандемияға байланысты екі рет тоқтап қалды. Федерация қолдан келгеннің бәрін жасап, жақсы өткізіп шықты. «Қайрат» осы жылы чемпиондыққа лайық болды деп санаймын. Дәл қазіргі таңдағы еліміздегі ең мықты команда. Оларда барлық шепте бәсекелестік бар. Сондықтан қорғаныс пен шабуыл шебі үйлескен. «Тобыл» мен «Астана» жүлдеге ілікті. Биылғы чемпионатта «Ордабасы» мен «Қайсардан» қатты көңілім қалды. Екеуінен жоғары нәтиже күткенмін. Есесіне, Ақтаудың «Каспий» клубы қуантты. Чемпионаттағы ең әдемі ойын көрсеткен де солар. Футболшыларының өз ойындарынан ерекше ләззат алатындары байқалды.

Ұлттық құраманы отандық бапкерлер жаттықтыруы керек – футбол сарапшысы

Тілші: «Астанаға» биыл не болды?

Юсуп Шадиев: Алты жыл қатарынан чемпион атанды. Оңай емес. Енді буын алмасу процесі жүреді. Әлем футболында да солай. «Бавария» бірнеше жыл үздік болып, сосын құлдырау басталды. Құлдырау кезеңін бастап өткеріп, енді қайтадан кәрі құрлықта атой салып жүр. Бұл жағдай бүгінгі таңда «Барселонаның» басында болып жатыр. Кез келген мықты клуб әрі кетсе 5-6 жыл тұрақты жоғары нәтиже көрсете алады. «Манчестер Юнайтед» 10 жылдан бері, «Арсенал» 15 жылдан бері бұрынғы қалыптарына келе алмай жүр. Бұл - футболдың заңы. Спортта ондай болады. Бокста да буын алмасып жатыр. Атақтылардың бәрі кетті. Орнына жастар келеді. Оларға уақыт қажет. Мұндай жағдай күресте, жеңіл атлетика, ауыр атлетика - бәрінде бар.

Тілші: «Астана» маусым соңына қарай ресейлік Андрей Тихоновты шақырды. Бұл маманды келесі маусымға қалдыру қажет пе?

Юсуп Шадиев: Мен болсам қалдырар едім. Ол бар-жоғы бір ай ғана жұмыс істеді. Кезінде жақсы футболшы болды. Бапкер ретінде де тәп-тәуір. Мүмкіндік берсе, команданы қайта жасақтайды. «Астана» биыл үш бапкер ауыстырып үлгерді. Кезінде Станимир Стойловқа ешкім кедергі жасаған жоқ. Ол емін-еркін жұмыс істеп, нәтиже көрсетті. Осы жылдың басында команда үш ай жаттыға алмады. Мұның бәрі чемпионат пен еурокубокта әсерін тигізді. Сергей Малый, Роман Мұртазаев, Серікжан Мұжықовтарды жібермеу керек еді. Ең басты қателіктерінің бірі осында деп санаймын. Сосын бәсекелестік болмай кетті. Чемпион атанған жылдары қосалқы құрамда жақсы ойыншылар отыратын.

Тілші: «Ордабасының» бюджеті 6 млрд теңгеден астам. Бұл жөнінен чемпионатта үшінші орында тұр. Алайда көрсеткен нәтижесі төмен. Неліктен?

Юсуп Шадиев: «Ордабасы» өте түсініксіз команда. Ойыншылары да, бапкері де жаман емес. Қаржы жағынан да мәселе жоқ. Бірақ бесінші орынды қанағат тұтты. Сосын Қарағандының «Шахтерін» де түсіне алмадым. Былтырмен салыстырғанда жергілікті ойыншылардың саны азайып кеткен. Негізгі құрамда үнемі 8-9 легионер шығып жүрді. Бұл құрамды жасақтаған қазіргі бапкер Константин Горовенко емес, Вячеслав Грозный болатын. Тіпті, ТМД көлеміндегі үздік академиясы бар «Қайраттың» өзінде негізінен шетелдік футболшылар ойнайды. Қырғызстаннан Гүлжігіт Әліқұловқа дейін алған.

Тілші: «Тобыл» жайлы не айтасыз?

Юсуп Шадиев: Георгий Бабаян аз уақыттың ішінде жақсы команда жасақтай білді. Араға 12 жыл салып, күміс жүлдеге қол жеткізді. Олар үшін бұл зор жетістік деп санаймын. Оңтүстік футболы солтүстіктен қалып бара жатыр. «Қайрат» 16 жылдан кейін чемпион атанып қуантты. Әйтпесе, қалған 2-4 орындардың барлығы солтүстік командаларының еншісінде. Жалпы, оңтүсіктен чемпион сирек шығады. «Қайрат» үш рет, «Тараз» бір рет чемпион атанды. Қалған уақытта көбіне солтүстіктегі командалары топ жарып жүрді. «Астана», «Жеңіс», «Тобыл», «Ертіс», «Шахтер». Оған батыстағы «Ақтөбені» қоса аламыз.

Тілші: Өзіңізге жақсы таныс Дмитрий Огай жаттықтыратын «Жетісу» жыл басында үштікке ілігеміз деген. Дегенмен бұл тапсырма орындалған жоқ...

Юсуп Шадиев: «Жетісудың» төртінші орын алуға толық мүмкіндігі бар еді. Команда «бірде көл, бірде шөл» болып жүрді.

Тілші: Келесі жылы жағдай түзеліп, чемпионат әдеттегідей әр қалада өтсе, «Қайрат» тағы да чемпион атана ала ма?

Юсуп Шадиев: Онда қиынға соғады. Өйткені олар биыл Алматыда ойнады. Футболшылардың барлығы үйінде болды. Жаттығудың бәрі қолайлы жерде өтті. Үй мен қонақ үйде тұрудың айырмасы бар. Бұл, әрине, ең бастысы емес. Бірақ психологиялық тұрғыдан әсер етпей қоймайды. Өз алаңында ойнау мен сыртта ойнаудың айырмасы бар. Кезінде «Қайратпен» бірге Алматыда Мәскеудің «Спартагын», Киевтің «Динамосын» жеңіп жүрдік. Тіпті, «Барселона» да өз алаңында түздегі нәтижелерімен салыстырғанда өз алаңында жақсы ойнайды.

Тілші: «Қайрат» келесі жылы Чемпиондар лигасына қатысады. Оларға қай шепті күшейту қажет деп ойлайсыз?

Юсуп Шадиев: Нақты айту қиын. Мүмкін шабуылшы қажет шығар. Биыл «Қайратқа» қарсы тұратын мықты команда көрген жоқпын. «Тобыл», «Астана», «Ордабасы» - бәрін екі реттен оңай жеңді. Тек «Оқжетпес» пен «Шахтер» ғана қарсылық көрсетті. Сондықтан ондай кезде әлсіз жерлері қатты байқала бермейді. Вагнер Лав келген соң тіптен күшейгенін білемін. Ол Бауыржан Исламханның шебінде ойнап, допты жақсы ұстап жүрді.

Тілші: Ұлттық құраманы жаттықтырған Михал Билектің келісімшарты жылдың соңында аяқталды. Оның орнын кім басуы мүмкін?

Юсуп Шадиев: Ұлттық құраманы отандық бапкерлер жаттықтырғаны дұрыс. Меніңше, Талғат Байсуфинов пен Георгий Бабаянның біреуін қойса болады. Сосын Андрей Карпович бар. Шетелдік жаттықтырушылардың қажеті қанша? Біз бәрібір іріктеуде бірінші-екінші орындарға таласа алмаймыз. Әзірге шамамыз жетпейді. Сондықтан өзіміздің бапкерлерге мүмкіндік беру керек. Қазіргі кезде Ресей, Өзбекстан, Оңтүстік Корея - барлығы өз мамандарына сенім артып жатыр.

Тілші: Бауыржан Исламханды айтып қалдыңыз. Жақында ол допинг дауына ілінді. Бауыржанның ендігі тағдыры не болмақ?

Юсуп Шадиев: Мен Бауыржанды допинг пайдаланды деп ойламаймын. Бұл жерде біз білмейтін жайттар көп. Кейде суық тигенде ішетін дәрінің өзінен допинг табылып жатады. Мысалы, Рио олимпиадасында күміс медаль алған ресейлік боксшы Миша Алоян да осындай жағдайға тап болған. Ол Олимпиада қарсаңында суық тиіп, дәрігерге барғанда оған «ринофлуимуцил» жазып берген. Оның құрамында тыйым салынған препарат бар екен. Сондай жағдай болуы мүмкін. Әйтпесе, Бауыржан өте жақсы жігіт. Еліміздегі ең үздік ойыншылардың бірі. Исламбек Қуат екеуі алаңда барын салып ойнайтын футболшылар. Маған ұнайды. Оның допинг пайдаланғанына сенбеймін.

Тілші: Бұл мәселе біржақты шешілсе, Исламханның Қазақстанға қайтқаны дұрыс па? 

Ұлттық құраманы отандық бапкерлер жаттықтыруы керек – футбол сарапшысы

Юсуп Шадиев: Қазақстанға оралуы тиіс. Оған үш команданың біреуіне баруға болады. «Қайраттан» бөлек, «Астана» мен «Тобылды» айтар едім. Сосын «Ордабасыны» да қосса болады. Бауыржан қай-қайсысына барса да, ойынды жандыра алады. Біз үшін Бауыржан Испаниядағы Андрес Иньеста секілді.

Тілші: Ұлттық құраманың қай шебі әлсіз көрінеді?

Юсуп Шадиев: Бізде қақпашыларда таңдау бар. Қорғаныста Темірлан Ерланов, Сергей Малый жүр. Жартылай қорғаныста Бауыржан Исламхан, Бахтиер Зайнутдинов, Азат Нұрғалиев, Серікжан Мұжықов, Исламбек Қуат, Роман Мұртазаев секілді жігіттер әлі бірнеше жыл ойнап бере алады. Сосын Айбол Әбікен жақсы өсіп келеді. Биыл алға бір қадам жасады. Оған тоқтап қалуға болмайды. Ең қиыны, гол соғатын шабуылшы жоқ. «Қайратта» жүрген жалғыз Абат Айымбетов не бітіре алады? Қорғаушылардан сосын Нұрәлі Әліп өте талантты. Бірақ оған да әлі өсу керек. «Қайрат» биыл чемпионатты оңай жеңді. Аталған ойыншыларға өсу үшін қиын қарсыластар керек.

Тілші: Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!


Өзгелердің жаңалығы