Елімізде жаңа заң күшіне енгеннен кейін алғашқы мас жүргізуші ұсталды

13 Қаңтар 2020, 11:50
5871
Бөлісу:
Елімізде жаңа заң күшіне енгеннен кейін алғашқы мас жүргізуші ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 11 қаңтардан бастап көлік құралын мас күйінде жүргізгені үшін жауапкершілікті күшейтетін заң күшіне енген еді. Дәл сол күні полицейлер алғашқы мас жүргізушіні ұстады.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 37 жастағы қала тұрғынынан алкогольдің иісі шығып тұрған. Ер адам бұған дейін 2018 жылы жүргізуші құқығынан айырылғаны анықталды. Алайда сонда да рөлге отырған.

Қазіргі кезде ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған сот санкциясы бойынша қоғамнан оқшаулау шарасы таңдалды. Енді ер адам 5 жылға сотталып, көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылуы мүмкін.

Бұл көлік құралын мас күйінде жүргізгені үшін жауапкершілікті күшейтетін жаңа заң күшіне енгеннен кейінгі Қарағанды облысында болған алғашқы құқықбұзушылық. Полиция департаменті тарапынан барлық құқық бұзушыларға осындай қатаң шаралар қолданылатын болады. Сондықтан барлық азаматтарды ескертеміз, рөлге отырмас бұрын ойланыңыз. Осындай орынсыз әрекетпен өзіңізді бас бостандығыңыздан айырғыңыз келе ме, әлде жоқ па?, - деді облыстық ПД Тергеу басқармасының бастығы Алмаз Саламатов.

WhatsApp Image 2020-01-13 at 10.13.45.jpeg

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 31 желтоқсанында президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заңына қол қойды. Ол бойынша ауыр және аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлері үшін жауапкершілікті қатаңдататын заң ережелері күшіне енді. Нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 10-тарауындағы 69-бабқа және Қылмыстық-процестік кодекстің 72-бабына өзгерістер енгізілді.

Өзгерістердің бір бөлігі жолдардағы мас жүргізушілерге қатысты және олар 11 қаңтардан бастап күшіне енді. ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Мұхтар Қожаевтың мәліметі бойынша, елімізде жылына көлікті мас күйінде басқаратын 25 мың жүргізуші анықталады. 2019 жылы олардың кесірінен болған жол-көлік оқиғасынан 716 адам жарақат алып, 98 адам қаза болған.

Жол жүру қағидаларын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату – амалсыз шара. Енді Қылмыстық кодексте "Мас күйінде жол қозғалыс ережесін бұзды" деген жаңа бап пайда болды. Бұл татуласуға мүмкіндік бермейтін ауыр қылмыс болып есептеледі, - деді Мұхтар Қожаев.

Еске сала кетейік, Қазақстанда қанда 0,5 промилль алкогольдің табылуы жеңіл дәрежедегі мастық деп есептеледі. Тергеу департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Мұхтар Қожаевтың айтуы бойынша, Заңға енген жаңа өзгерістерге байланысты енді:

- егер жүргізуші мас күйінде рөлге отырып, жол апатын жасамаса және азаматтарға зиян келтірмесе де, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады және жүргізуші куәлігінен 7 жылға дейін айырылады. Осы ережені қайта бұзса, қамау мерзімі 20 тәулікке артып, жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі 8 жылға дейін ұзарады;

- егер мас жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасаған кезде азаматтардың денсаулығына зиян келтірсе, онда ол қылмыстық тәртіпте бас бостандығынан 3 жылға дейін және көлік басқару құқығынан 10 жылға дейін айырылатын болады. Ал осындай жағдай адам өліміне әкелетін болса, онда мас жүргізуші 10 жылға дейін сотталып, көлік басқару құқығынан 10 жылдан бастап, өмір бойына дейінгі мерзімге айырылатын болады;

- егер жүргізуші куәлігінен айырылған адам жоғарыда көрсетілген ережелерді қайта бұзса, онда ол көлік басқару құқығынан міндетті түрде өмір бойына айырыла отырып, 10 жылға дейін сотталады.

Сонымен қатар, көлік басқару құқығынан айырыла тұра, көлікке мас күйінде отырған жүргізушілер үшін де жауапкершілік күшейтілді.

Біріншіден, басқару құқығынан айырылған мас жүргізушіге қандай жағдай болмасын, міндетті түрде көлікті басқаруға өмір бойына тыйым салынатын болады. Екіншіден, егер көлікті басқарған осындай адам анықталып, бірақ жол көлік оқиғасына немесе біреудің денсаулығына зиян келтірмесе, онда ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұрын мұндай норма тек 50 тәулікке қамауға алуды көздейтін, - дейді Мұхтар Қожаев.

Нақты айтатын болсақ:

- абайсызда көлік құралдарын не өзге мүлікті бүлдіруге, сол сияқты адамның денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеліп соққан іс-әрекеттер үшін 4 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады;

- абайсызда адамның денсаулығана ауырлығы орташа зиян келтірген іс-әрекеттер үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады;

- абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтірген іс-әрекеттер үшін 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады;

- абайсызда адам өліміне әкеліп соққан іс-әрекеттер үшін 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылады;

- абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соққан іс-әрекеттер үшін 10 жылға дейін түрмеге қамалады.

Жалпы жол жүру қағидасын бұзғаны үшін жауапкершіліктің осындай қатаңдатылуы мас күйінде көлікті басқару құқығынан айырылған адамның рөлге отыруға деген ынтасын айтарлықтай басуы тиіс деген үміттеміз. Сонымен бірге, бұл шаралар жол жүру ережесіне қатысушылардың қауіпсіздігін күшейтеді деген сенімдеміз, - деді Мұхтар Қожаев.
Өзгелердің жаңалығы