Жаңа штаммдар көбіне симптом арқылы анықталуда – Сағынтаев

2 Сәуір 2021, 11:23
2411
Бөлісу:
Жаңа штаммдар көбіне симптом арқылы анықталуда – Сағынтаев

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жаңа штаммдар көбіне симптоммен анықталуда. Бұрын симптомсыз жағдай көп болса, қазір керісінше, ауру белгісімен түсетіндер саны артты. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингте айтты.

Әкімнің айтуынша, Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай өте күрделі. Наурыз айынан бері науқастардың көбейгені байқалады. Оған қоса ухандық вирусқа қосымша британиялық және оңтүстікафрикалық жаңа штаммдар қалада пайда болған. Осылардың әсерінен науқастардың саны күнделікті артып отыр. 

Бүгінгі таңда вирус жұқтырудың 35 мыңдай жағдайы тіркелген. Оның ішінде 24 012 жағдай симптоммен, 11 181 - симптомсыз. Бүгін таңертең вирус жұқтырудың 595 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 497-сі симптоммен, 98-сі симптомсыз. Жаңа штаммдар көбіне симптоммен анықталуда. Бұрын симптомсыз жаңдай көп болса, қазір керісінше, ауру белгісімен түсетіндер саны артты, - дейді әкім. 

Қазір стационарда 2 945 науқас бар, оның ішінде 50 адамның жағдайы өте ауыр екен. 531 науқас ауыр жағдайда, 2 362 науқастың жағдайы орташа ауыр. Кеше 233 науқас жазылып шықса, 239 науқас ауруханаға түскен. 

Қалада вирус жұқтырғандарды қабылдайтын 7011 төсек-орын әзірленген. Олар 1, 2 және 3-эшалонға бөлінген. Бірінші және екінші эшалон бойынша ауыр жағдайдағы науқастарды қабылдаймыз. Қазір 7 мың төсек-орынның 5 430 төсек-орны іске қосылған және олардың 51 пайызы толы, - деді Сағынтаев.

Өзгелердің жаңалығы