Бас жаңалықтар
Мақтааралдан Байзақ ауданына 10 тонна гуманитарлық көмек жіберілді
PHOTO
02 Қыркүйек 2021, 15:26 1281

Мақтааралдан Байзақ ауданына 10 тонна гуманитарлық көмек жіберілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен ауданның жомарт кәсіпкерлері мен тұрғындары Жамбыл облысы Байзақ ауданына 10 тонна гуманитарлық көмек жіберді. 

Бұл туралы Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.


Бүгін азық-түлік тиелген жүк көлігі Байзақ ауданына жетіп барып, жергілікті әкімдік тарапынан ұйымдастырылған орталық қоймаға орналастырылды. Аталған көмек төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға үлестірілетін болады. Жергілікті жауапты басшылар келген көмектің есебін алып, қиын сәтте қол ұшын созған мақтааралдықтарға шексіз алғыстарын жаудырды. 


Өткен жылы Мақтаарал ауданында су тасқыны орын алған кезде ең алғаш болып Жамбыл облысынан көмек келген болатын. Сонымен қатар барша ел-жұртымыз біздің ауданға тоқтаусыз көмектерін жіберіп отырды. Сондықтан Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жағдай бойынша үй-күйсіз қалған отандастарымыздың тағдыры бізді алаңдатып, гуманитарлық көмекті алғашқылардың бірі болып алып келуге себепші болды, - деді «Біз біргеміз!» ұранымен жүк көлікті бастап келген «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Сүндет Кенжебаев. 

Айта кетейік, гуманитарлық көмекті ұйымдастыруда өткен жылы су тасқынынан зардап шеккен Өргебас, Фердауси ауылының тұрғындары және ауданның кәсіпкерлері белсенділік танытты. Негізінен жүк көлігіне макарон өнімдері, май, күріш, қант, қарақұмық, жеңіл дайындалатын тамақ өнімдері, тәттілер және минералды сусындар тиелген болатын. 


Еске салсақ, 26 тамызда сағат 19:00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймалардың бірінде өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді. Салдарынан 15 адам қайтыс болып, жарақаттанғандар саны 100-ге жуықтаған болатын. Бүгін сенаторлар бір күндік жалақыларын Жамбылдағы жарылыстан зардап шеккендерге аударғаны анықталды.


Фото: дереккөз
Загрузка...