Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза болған тағы бір әскери қызметшінің есімі белігілі болды.
Өрт сөндіру командасының бастығы келісім-шарт қызметінің старшинасы Нәдірбеков Еркін Еркінбайұлы 1992 жылы дүниеге келген. Ол инженерлік қоймадағы өрт сөндіру жұмысын тікелей бақылап отырған. Жарылыс кезінде оқиға орнында қайтыс болған. Ол 27 тамыз күні таңертең із-түзсіз жоғалғандардың тізімінде болатын, - делінген хабарламада.
Қорғаныс министрлігінің басшылығы марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі оның отбасына қажетті көмек көрсетінін де хабарлады.
Сондай-ақ Жамбыл облысындағы әскери бөлімнің инженерлік оқ-дәрілер қоймасында жарылыстан қаза болған 4 әскери қызметшінің аты-жөні белгілі болған еді.
Естеріңізге салсақ, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шықты. Қоймада инженерлік оқ-дәрілер сақталған.
Тараз қаласының мектептеріне 1200-ге жуық адам, яғни Байзақ ауданы Қайнар, Ботамойнақ, Жібек Жолы ауылдарының және Үшбұлақ станциясының тұрғындары көшірілді.
Жамбыл облысындағы әскери қоймада тұтану фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 462-бабы (қару-жарақты, сондай-ақ айналадағылар үшін қауіп төндіретін заттар мен заттарды ұстау қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.