Бас жаңалықтар
Жамбыл облысына қазынадан бұрын-соңды болмаған қыруар қаражат бөлінбек
02 Сәуiр 2020, 11:42 406

Жамбыл облысына қазынадан бұрын-соңды болмаған қыруар қаражат бөлінбек

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Биыл республикалық бюджеттен Жамбыл өңірін дамытуға 56,163 миллиард теңге бөлінбек. Бұл қомақты сома Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында іске асырылатын инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалады деп жоспарлануда. 

Алайда, жергілікті мәслихаттың кезекті сессиясында мәлім болғандай, депутаттар инфрақұрылымдық жобалардың тізіміндегі кейбір нысандарға сонша қаражатты жұмсауды әбестік деп санайды.
 
Мәселен, 1,3 млрд теңгеге жуық ақша Тараз қаласындағы 4 колледжді күрделі жөндеу мен абаттандыруға қаралған екен. Жамбыл облыстық мәслихаттың депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің пікірінше, бұл қаржыны одан гөрі тозығы жеткен шағынаудандардың аулаларын абаттандырып, үйлерді жөндеуге жұмсаған жөн. 
Сондай-ақ қала ішіндегі көшелерге, шеткі аумақтардағы кейбір көшелерге асфальт төсеу керек, – деді мәслихат депутаты. 
Ал Жамбыл облыстық мәслихаттың тағы бір депутаты Халит Базаралиев осы қаржының есебімен аудан, ауылдардың жолдарын ретке келтіру қажеттігін алға тартты. Ол облыстық аурухананың да жағдайы мәз еместігін айтып, оның қабылдау бөлмесінен, науқастар жататын палаталарына дейін күрделі жөндеуден өткізу керектігін ашып айтты. 
Облыс аумағындағы 5 медициналық мекеме жергілікті бюджеттен, ал қалғаны республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Ал аудандарға келсек, біз барлық әкімнің ұсыныс-пікірлерін ескеріп жасадық тізімді. Сондықтан, әр ауданның негізгі түйткілдері назардан тыс қалған жоқ, – деді аймақ басшысының бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков. 

Айта кетерлігі, егер жоғарыдағы қаражат бөлініп, бастапқы жоспардағыдай жұмсалатын болса, Қаратау, Жаңатас қалаларындағы қаңырап тұрған бос үйлер жөнделеді екен.   

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...