Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Зайсан ауданында короновирус індеті анықталды деген арандатушылық ақпарат шындыққа сәйкес емес. Бұл жөнінде бүгін аталмыш ауданға жедел сапар жасаған облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.
Қазіргі уақытта Зайсан қаласындағы колледжге атбасын бұрған ол жиналған көпшілікке аталмыш білім ордасының жатақханасына қауіпті дертке байланысты карантин ұйымдастырылмайтынын хабарлап тыныштандырды.
Бүгінде көрші Қытайдан бес Қазақстан азаматының келетінін айтқан өңір басшысы олардың шекарадан өткен соң 14 күн карантинге жіберілетінін айтты.
Ол адамдар ешкіммен байланысқа түспей, толықтай оқшауланады. Ал шекарадан өткен адамда қандайда бір ауру белгілері байқалса, ол бірден облыс орталығына арнайы жабдықталған көлікпен тасымалданады. Сондай-ақ, аймақ басшысы шекараның шетелдік азаматтарға толықтай жабылатынын атап өтті.
Шекараны жабу үшін үш күн уақыт керектігін айтты. Халықаралық мәселе болғандықтан оған рұқсат алу керектігін айтты.
Қоса кетсек, қазіргі уақытта Зайсан қаласының іргесінде орналасқан қытайлық компанияда Қытайдың 42 азаматы жұмыс істеп жатқан көрінеді. Жергілікті халық аталған адамдарды шекарадан шығаруды талап етуде. Облыс әкімі бұл мәселе халықаралық дәрежедегі мәселе болғандықтан, оны шешу үшін үш күн уақыт керектігін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Зайсан ауданының Сарытерек ауылының тұрғындары 19 ақпан күні наразылықпен ауылдың амбулаториясының алдына жиналған болатын. Халықтың жиналу себебі ауылдың тұрғындарын еш ескертусіз аудандық аурухананың бас дәрігері мен оның орынбасарлары "мынау бұйрық" деп бір жапырақ қағазбен ертең таңертең Қазақстан мен Қытай мемлекетінің Майқапшағай шекара бекетінен автобуспен Қытайдан бері келген жолаушыларды Қытайдағы аты шулы коронавирусқа байланысты, Зайсанға 14 күн Сарытерек ауылдық амбулаториясына жатқызып бақылау жасамақ болған.
Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, ауылдық амбулаторияны ауылдық мәдениет үйіне көшірмек. Амбулаторияға шекарадан кірген жолаушыларды жатқызбақ болған екен. Халықты "бұл келетін жолаушылар қауіпті болмаса, бар жағдайы жасалған аудандық аурухананың жанында жұқпалы ауру бөліміне (инфекционный) жатқызбай ма, ол жерден арнайы мамандар, қажетті жабдықтарымен қамтылған" деген сұрақтар мазалаған болатын.