Қытай төрінде Қанат Исламның қатысуымен бокс кеші өтеді

3 Қазан 2019, 14:25
3090
Бөлісу:
Қытай төрінде Қанат Исламның қатысуымен бокс кеші өтеді
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қытайда 1,5 млрд халық бар болса, соның 500 миллионы спорт жанкүйерлері екен, міне біз солардың нарығын пайдаланатын боламыз. 

Ал Қанат Ислам онда өте жақсы танымал, көпшілігі оның жекпе-жектерін үнемі бақылап, тамашалап жүреді.  Бұл туралы «Qazaq Promotions» компаниясының директоры Дархан Мұқтарбек Алматыда өткен баспасөз мәжілісінде айтты.

Жиын барысында ол QP TV стремингті платформасының сервері бүкіл әлемде орналасқанын айта келе, Қытай нарығын пайдалану өте маңызды екенін жеткізді.  

"Болашақта Қытайдың төрінде үлкен шоу жасасақ деген жоспарымыз бар. Алдағы жекпе-жекті Қанат ойдағыдай аяқтаса, онда чемпиондық белдікке таласатын боламыз. Егер Қытайда бокс кешін ұйымдастыратын болсақ, жоқ дегенде 100 млн адам біздің платформа арқылы оны көретін болады. Бұл Қазақстанның бокс саласының дамуына алып келеді, қаншама миллиондаған доллар түседі және ол мемлекет қазынасына салық болып құйылады", - деді компания директоры.

Сонымен қатар, ол осы платформаның арқасында әлемдегі кез-келген чемпионды Қазақстандағы жарысқа әкелуге болатынын айтты.

"АҚШ, Қытай елдерінде бізбен әріптетікте жұмыс істеп жатқан промоутерлік компанияларымыз бар. QP TV стремингті платформасы Қытайда тіркеліп, лицензиясын алған жалғыз канал. Біз ғана оларға жарыстарды емін-еркін көрсете аламыз. Сол үшін Еуропа мен АҚШ-тың промоутерлік компаниялары бізге қызығушылық танытып, ұсыныстар жасап жатыр. Өйткені олар Қытайға кіре алмайды, онда Facebоok, Youtube желілеріне шектеу қойылған. Білесіздер Қытайда өте үлкен аудитория бар және көп сатылым жүреді", - деді Дархан Мұқтарбек. 

Бұған дейін, қазанның 26-ы күні Балуан Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайында Қанат Исламның қатысуымен кәсіпқой бокс кеші өтетіні туралы хабарлағанбыз.

Өзгелердің жаңалығы