Қытай лагеріндегі 13 азаматты шығару жағын қарастырудамыз – СІМ

4 Наурыз 2019, 17:23
1594
Бөлісу:
Қытай лагеріндегі 13 азаматты шығару жағын қарастырудамыз – СІМ

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қытай Халық Республикасындағы Қазақстанның консулдық қызметкерлері күніне бірнеше шағым қабылдайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінде өтетін апта сайынғы брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадиров айтты.

"Бұл мәселеге қатысты апта сайын ақпарат беріп тұрамыз. Министр Мәжілісте берген жауабында 20 азамат босатылғанын мәлімдеді. Олар көбіне қос азаматтықпен ұсталған болатын. Қолдарында Қытайдың да азаматтығы бар, Қазақстанның да азаматтығы бар. Бірақ біздің дипломаттардың арқасында сол азаматтар қазір Қазақстанға оралды. Қалған 13 азаматқа қатысты жұмыстар жасалып жатыр. Біразының қаржылық міндеттемелері бар, тағы басқа кедергілері бар. Қазіргі уақытта туыстарынан көптеген өтініш келіп түседі. Сол әрбір өтінішті жеке-жеке қарап шығамыз. Барлығы бірдей емес. Әр адамның тағдыры әртүрлі. Консулдық қызмет департаментінде сол өтініштерді қарастыратын арнайы топ бар. Барлығын зерттеп, күні-түні сонымен айналысады. Жиі түрде қытай дилопматтарымен кездесіп отырады, тізім алмастырып отырады. Министр айтып өткендей, Қытай тарапы бұл мәселеге өте мұқият қарап, екі елдің достық қарым-қатынасын ескере отырып, бұл мәселе ақырындап шешіліп жатыр", - деді Смадияров.

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында СІМ Бейбіт Атамқұлов Қытайда қамауға алынған қазақтарға қатысты пікір білдірген болатын.

Рахилә Бекназарқызы

Өзгелердің жаңалығы