Үйі бар көпбалалы аналарға жөндеу жұмыстары жағынан да көмек көрсетіледі

19 Наурыз 2019, 15:40
2463
Бөлісу:
Үйі бар көпбалалы аналарға жөндеу жұмыстары жағынан да көмек көрсетіледі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Көпбалалы аналарға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үш бағытта жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы «Қазақстан балалары» қайырымдылық қорының басшысы Гаухар Танашева «ARUANA» Қазақстан әйелдер құрылтайының құрылғанына орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында айтты.

Гаухар Танашева өздерінің қайырымдылық қорының жұмысы алғашында жетім балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге бағытталғанын айта келе, қазір көпбалалы аналармен де жұмыс істеп жатқандарын жеткізді.

«Алматыда ашылған «Бақытты отбасы» бағдарламасының қамқорлық кеңесіне мен де кіремін. Жұмысымыздың басты бағыты ана мен балаға көмектесу. Қазір Алматыда ғана емес, еліміздің барлық ауданында үкімет тарапынан көпбалалы аналарға қамқорлық жұмыстары жүргізілуде», - дейді ол.

Сонымен қатар, ол «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үш бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып өтті.

«Біріншісі, ол отбасыны баспанамен қамту, яғни үй кезегінде тұрған көпбалалы аналар үшін жеке кезек жасалып жатыр. Сонымен қатар, Алматыдағы көпбалалалы аналарға үйдің бастапқы жарнасы ретінде 1 млн теңгенің сертификаты беріледі. Екіншіден, Алматы қаласында көпбалалы аналарға қызмет көрсететін арнайы орталық ашылады. Үшінші бағыт, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында аналарға киім-кешек, тамақ және медицина жағынан көмектесу қолға алынып отыр. Егер көпбалалы ананың үйі болса, онда жөндеу жұмыстары жағынан да көмек көрсетіледі. Бізге келіп түскен әр ананың өтініші қараусыз қалмайды», - дейді Қор басшысы. 

Жиын барысында «Ihlas Jurek» қоғамдық қайырымдылық қоры қамқоршылар кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Тоғжан Қожалиева жаңадан құрылған «ARUANA» Қазақстан әйелдер құрылтайы әлеуметтік зерттеу жасағалы отырғанын айтты.

«Республика бойынша сауалнама жүргізіледі. Оған көпбалалы аналар, сарапшылар және ҮЕҰ қатысады. Жалпы қазір көпбалалы аналардың басты талабы - баспанамен қамту болып тұр. Екіншіден, көптеген отбасының қаржылық жағынан сауаттылығы төмен. Яғни, ақшасының жоқтығына қарамастан, баласына несиеге «Айфон» алып береді. Кейін тамаққа ақша таппай жүреді. Сондықтан көпшілік арасында зерттеу жүргізу қажет, осылайша біз олардың мәселесін шешуде нақты қадамдар жасай аламыз»,- дейді Тоғжан Қожалиева.

Әділет Мұсахаев
Өзгелердің жаңалығы