Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлім болды.
«Біз бірнеше жылдан бері Қазгидрометпен тығыз байланыста жұмыстар жүргізіп келеміз. Нәтижесінде, біз ғарыштық мониторингтің арқасында әлдеқайда ұзақ мерзімге арналған болжамды алып отырмыз. Комитет бөлімшесінің техникалық жабдықталуы біршама жоғары болғандықтан, аталған мемлекеттік мекемемен жұмыстар жалғасатын болады», - деді ҚР Ішкі істер министрі орынбасары Юрий Ильин.
Ол қазақстандықтарды өз аулаларындағы қарды тазалау арқылы жергілікті атқарушы билікке көмек көрсетуге шақырды.
«Бүгінгі қолда бар ақпаратты басшылыққа ала отырып айтар болсақ, онда Батыс Қазақстан облысы аумағындағы жағдай қиын болып тұр. Алайда, ауа температурасының қолайлы болуы күндіз су нысандарының еруі, ал түнде қайта қатуы нәтижесінде су қорларының буға айналуына алып келуде. Сонымен қатар, Ресей Федерациясындағы әріптестеріміз Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында су тасқыны болуына алып келуі мүмкін қауіпті аудандар ретінде Саратов пен Орынбор облыстарының аумағын атады», - деді вице-министр.
Юрий Ильин Қазақстанның бірқатар аумақтары министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың қатаң бақылауында екенін атады.
«Ең алдымен Батыс Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы аумақтары, Қарағанды облысының Нұра өзенінің бойында орналасқан елді мекендері, Ақмола облысындағы Атбасар ауылы ерекше бақылауда тұр. Біз ол жақта қосымша оқу-жаттығуларын өткіздік және жергілікті мен республикалық бюджет есебінен су қорғау аймағының орнын ауыстыру бойынша шаралар жүргізілуде. Бұған дейін 400-ден астам үй бұзылып, ондағы адамдар қауіпсіз жерге көшірілді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 11 көппәтерлі үй салынды. Бұл жұмыстар осы және келесі жылы жалғасатын болады», - деді Ильин.