Вакцинаның реакциясын жағымсыз әсермен шатастырмау керек – Баешева

26 Қаңтар 2021, 12:40
1765
Бөлісу:
Вакцинаның реакциясын жағымсыз әсермен шатастырмау керек – Баешева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлем ғасырлар бойы көптеген жұқпалы дертпен бетпе-бет келді. Алайда оның бетін қайтарудың бір ғана амалын тапты. Ол - екпе, деп Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева коронавирусқа қарсы екпе жайындағы пікірімен бөлісті.

Оның айтуынша, бір кезде миллиондаған адамның өміріне балта шапқан шешек, оба, вирусты гепатит, полиомиелит сияқты жұқпалы ауру әлі де бізбен өмір сүріп, әлі де мыңдаған жанды жалмап алар еді. Егер оған қарсы вакцина жасалып, адамзат баласы екпе алмаса. 

Жұқпалы дерттерге қарсы вакцинаны біз туғаннан есейгенге дейін алып келеміз. Оның мақсаты - біздің ағазамыз осындай вирус, инфекциялармен бетпе-бет келгенде антидене арқылы оған төтеп беру, ауырып қалмаудың алдын алу. Коронавируске қары вакцинаның да мақсаты сол. Өздеріңіз көріп отырсыздар, бүкіл әлемде бір жылдың ішінде одан қаншама адам көз жұмды, локдаундардың салдарынан экономика құлдырап, балалар толыққанды білім ала алмай, керісінше кері кетіп барамыз. Бұлай жалғаса бере алмайды, - дейді дәрігер.

Динагүл Баешева вирус өздігімен жоқ болып кете алмағандықтан, онымен күресудің амалы ретінде әлем ғалымдары вакцина жасап шығаруға жұмылды дегенді алға тартты.

 Оған қыруар қаржы мен күш жұмсалды. Оның бәрі не үшін? Адамзат баласының қауіпсіздігі үшін. Сондықтан вакцинаға деген көзқарас қоғамда дұрыс болу керек. Өйткені оның түпкі мақсаты да дұрыс, - дейді Динагүл Баешева.

Ол вакцинаның болуы ықтимал жағымсыз әсерлеріне қатысты да пікір білдірді. Инфекционистің айтуынша, жағымсыз әсерге кез келген дәрілік затта болады. 

Мысалы, парацетамолдың өзін шамадан тыс асырып пайдалансаң, бауырға әсер етеді. Көліктің өзінің жағымсыз әсері бар. Ереже сақтамасаң, апатқа ұшырайсың деген сияқты. Бірақ солай екен деп біз олардан бас тартпаймыз ғой. Өйткені ол мыңның бірінде болатын жағдай. Алайда халықтың көбі рекцияның өзін жағымсыз әсермен шатастырады. Қолға ине кіріп кетсе де ауырып, қызарады, инемен дәрі егіп жатса, ол неге қызармайды? Ісіп кетеді, температура болады. Бірақ бұл ағзаның антигенге қарсы реакциясы, - дейді ол.

Динагүл Баешева маман ретінде реакцияның болғаны дұрыс деген пікірде. Демек ағзада вирусқа қарсы антиденелер пайда болуда, алдағы уақытта ол адамның вирус жұқтыру ықтималдығы азаяды, ауырған күнде де жеңіл өтеді.

Қандағы лейкоцитер, лифмоциттер оны таниды, мынау ковид кой, бұл бізге қауіпті, онымен күресейік деп жұмылады. Ал танымайтын вируспен ағза бетпе-бет келгенде шок алады, иммундық жүйе әлсіз болса, төтеп бере алмайды, қосалқы аурулар тудырады, не созылмалы дертті асқындырып жібереді, - дейді ол.

Тұрғындар да өз денсаулығынан хабардар болуы тиіс

Динагүл Баешеваның айтуынша, вакцина салдырардың алдында тексеру жасалады. Алайда тұрғындар да өзінің денсаулық жағдайынан хабардар болуы тиіс. Өйткені көптеген адам өздерінің созылмалы ауруларының барын білмей жататын кездер жиі кездеседі. Жалпы вакцинаның алдында ғана емес, жыл сайын дәрігерлік тексеруге жүгініп, скринингтен өтіп тұрған абзал. 

Вакцина алдында эпидемиологиялық анемнез жиналады. Дәрігер екпеге жолдама берер алдында қандай аурумен аурасың, бұрын қандай жұқпалы дертке шалдығып, оны қалай көтергенің, екпелер күнтізбесіне назар аударып барып қана шешім қабылдайды. Тағы бір айта кетерлігі, екпе тек ерікті түрде жасалады. Ешкім де адамды вакцина алуға мәжбүрлемейді. Алайда денсаулығына салғырт қарамайтын жан қарсы көрсетілімдері болмаса өзін де, жақындарын да қауіпсіздендіргені дұрыс, - дейді ол. 

Динагүл Баешева өзінің жұқпалы аурулар саласында қызмет етіп келе жатқанына отыз бес жылдан астам уақыт тәжірибесінде екпені дер кезінде алмау салдарынан көптеген баланың көз жұмғанына, аурудың ауыр салдарына ұшырағанына куә болғанын айтады.

Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын елде қызылша өршіп кеткені белгілі. Мұның түпкі себебі - дертке шалдығушылардың екпе алмауы болып шықты. 2010 жылға дейін пневмония мен менингиттің ең ауыр түрімен ауыратын балалардың шетінеп кететінін көрдік. Сол кездері менингитке қарсы екпені жартылай алған бала сауығып кетті де, мүлдем қабылдамаған бала мүгедек болып қалды. 2010 жылы пневмококқа қарсы екпе енгізілгелі бері елімізде бұл жағдай түзелді. Жалпы екпе алу деген өзіңді қауіпсіздендіру екенін түсінсе екен деймін біздің қоғам, - дейді ол.

Оның айтуынша, кез келген жаңа вакцина пайда болғанда халықтың оған күмәнмен қарауы заңды да шығар. Алайда көзі ашық адамдар ретінде мәселенің тек көлеңкелі тұсына емес, күнгейіне де назар аударып тұрған абзал. Өйткені таразы басында жалпы халықтық саулық пен қауіпсіздік тұр.

Өзгелердің жаңалығы