V Жазғы Паралимпиада ойындары мәресіне жетті

17 Қыркүйек 2019, 21:50
3162
Бөлісу:
V Жазғы Паралимпиада ойындары мәресіне жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасының V Жазғы Паралимпиада ойындары өз мәресіне жетті.

Төрт күнге созылған додаға еліміздің он төрт облысы және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 800- ден астам спортшы қатысты. Олар спорттың алты түрі: отырып ойнайтын волейбол, пара дзюдо, оқпен ату, жеңіл атлетика, үстел теннисі, пауэрлифтинг бойынша 500-ге жуық медальды сарапқа салды.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте жүлделі бірінші орынды Қарағанды облысы жеңіп алды. 41 алтын, 20 күміс, 9 қола жүлдемен қарағандылықтар V Жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы атанды. Екінші орын оңтүстік астанамызда. Алматы құрамасының қоржынында 31 алтын, 14 күміс, 15 қола жүлде.

WhatsApp Image 2019-09-17 at 19.30.59.jpeg

Ал үздік үштікті Алматы облысы қорытындылады. 29 алтын, 16 күміс, 11 қола жүлде иеленге Алматы облысы Паралимпиада ойындарының үшінші орын иегерлері.

Естеріңізге сала кетсек 2015 жылы өткен IV Паралимпиада ойындарында да аталған құрамалар жеңіс тұғырынан көріген болатын. 1-орын Қарағанды, 2-орын Алматы облысы, 3-орынды Алматы қаласы иеленген еді. «Үштік» араға төрт жыл салып, өздерінің үздік екендерін тағы бір дәлелдеді.

WhatsApp Image 2019-09-17 at 19.31.00.jpeg

Сондай-ақ жарыс қорытындысы бойынша 1-3 орын иелеген спортшылар іріктелініп алынып, келер 2020 жылғы Ұлттық құрама тізіміне кіреді.

Төрт жылды бір өтетін дүбірлі дода ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Ақтөбе облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.

 



Өзгелердің жаңалығы