Ұлттық тестілеуден сәтті өткен педагог-психологтерге қосымша ақы төленеді

3 Қазан 2021, 14:41
7321
Бөлісу:
Ұлттық тестілеуден сәтті өткен педагог-психологтерге қосымша ақы төленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігі Сенат депутаты Дана Нұржігітованың педагог-психологтарды даярлау туралы жолдаған депутаттық сауалына жауап берді. Айтуынша, 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап ұлттық тестілеуден сәтті өткен жағдайда педагог-психологтерге педагогикалық шеберлік санаты беріледі және қосымша ақы төленеді.

Министрлік мәліметіне сәйкес жалпы білім беретін мектептерде 7 652 педагог-психолог жұмыс істейді. Өңірлерде 1 876 психологиялық қызмет жұмыс істейді, онда 11 мыңнан астам маман қызмет атқарады.

Білім беру ұйымдары Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарына сәйкес педагог-психологтің штат бірліктерімен қамтамасыз етіледі. 2021-2023 жылдар аралығында республикалық бюджет есебінен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ базасында 97 672 млн теңге сомасына 1 535 педагог-психологтың біліктілігін арттыру жоспарланған. 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап ұлттық тестілеуден сәтті өткен жағдайда педагог-психологтерге педагогикалық шеберлік санаты беріледі және қосымша ақы төленеді (педагог-шеберге – 50%; педагог-зерттеушіге – 40%; педагог-сарапшыға – 35%; педагог-модераторға – лауазымдық жалақысының 30%-ы), - деді БҒМ вице-министрі Бибігүл Асылова.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарында психологиялық қызмет жүйесін одан әрі дамыту үшін қолда бар деректер бойынша қосымша 6 900-ден астам педагог-психолог қажет. Баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасының шеңберінде мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгілік штаттарына өзгерістер енгізу көзделген, бұл педагог-психологтер штатын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жол картасы шеңберінде педагог-психологтердің қызметін әдістемелік сүйемелдеу бойынша іс-шаралар көзделгенін атап өту қажет. Жергілікті деңгейде педагог-психологтердің қызметін әдістемелік сүйемелдеуді және үйлестіруді қамтамасыз ететін оқу-әдістемелік орталықтар жұмыс істейді. Педагог-психологтердің қызметін әдістемелік сүйемелдеу бөлігінде министрлік шетелдік әріптестермен (UNICEF) және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз жұмыс жүргізіп жатыр, - деді вице-министр.
Оның сөзінше, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының базасында Психология, тәрбиелеу және тұлғаны дамыту орталығы құрылды. Орталықтың қызметі өңірлердің психологиялық қызметтеріне жетекшілік ететін барлық оқу-әдістемелік орталықты үйлестіруге, сондай-ақ білім беру ұйымдарының педагог-психологтерін әдістемелік қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі уақытта министрлік орталықпен бірлесіп өңірлік оқу-әдістемелік орталықтар мен психологиялық қызметтердің жұмысын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде, сондай-ақ өңірлерде іс жүзінде іске асыру үшін Психологиялық-педагогикалық жүйенің мониторингі бойынша бірыңғай бағдарлама әзірленіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы