ҚТЖ зорлық көрген жолаушыдан кешірім сұрады

31 Шілде 2019, 11:42
2742
Бөлісу:
ҚТЖ зорлық көрген жолаушыдан кешірім сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов пойызда зорлық көрген жолаушыдан кешірім сұрады.

Қанат Әлмағамбетов болған жағдайға өкініш білдіріп, жеке өз атынан және компания атынан кешірім сұрады.

«Меніңше, жолсеріктердің бұндай әрекетіне еш жол берілмеуі керек. Олар жолаушының қауіпсіз тасымалын қамтамасыз етудің орнына осындай қылмысқа барды. Бұл - қылмыс. Әрине, бұл жерде жолаушы ғана зардап шеккен жоқ. Біз өзіміздің жолсеріктеріміздің, қызметкерлеріміздің беделіне нұқсан келді деп есептейміз. Тағы қайталап айтамын, біз болған оқиғаға өкініш білдіреміз. Және бұндай жағдай қайталанбайды деп үміттенеміз», - деді «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ төрағасының бірінші орынбасары.

ИИДМ-де өткен жиында Әлмағамбетов осы оқиғадан кейін бірнеше адам қызметінен босатылғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұндай жағдайлар жазасыз қалмау керек, сол үшін қатаң шешімдер қабылдануы тиіс.

Еске сала кетсек, 2018 жылғы қыркүйекте «Тальго» пойызының жолсеріктері Нұр-Сұлтан қаласынан Ақтөбеге бара жатқан жас әйелді зорлаған. Ол - Ақтөбе облысының тұрғыны. Кейін сот жолсеріктер Үмбетәлиев пен Құрманиязовты кінәлі деп танып, оларды екі жарым жылға бас бостандығынан айырды.

Атап өтсек, бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде жолаушыларды тасымалдау, автомобиль жолдары және көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша кеңес өтті.

Шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Көлік прокуратурасы, Көлік және автожол комитеті, облыс әкімдіктері, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Жол активтерінің сапа орталығы» РМК, «Адал жол» жобалық кеңсесінің өкілдері және тағы басқалар қатысты.

 

 



Өзгелердің жаңалығы