Тәй-тәй... Қадамыңды бас. Бүгін астанада сал ауруына шалдыққан сәбилердің тұсауы кесілді

27 Наурыз 2019, 13:35
5789
Бөлісу:
Тәй-тәй... Қадамыңды бас. Бүгін астанада сал ауруына шалдыққан сәбилердің тұсауы кесілді
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қорына қарасты «Балапан» оңалту орталығында сал ауруына шалдыққан және тірек-қимыл жүйесі бұзылған екі сәбидің тұсауы кесілді.

Тәй-тәй... Қадамыңды бас. Бүгін астанада сал ауруына шалдыққан сәбилердің тұсауы кесілді

«Балапан» оңалту орталығы мамандары қолдан келгеннің бәрін жасап, нәтижесінде сәбилер алғашқы қадамдарын жасай бастаған. «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының президенті Гүлмира Сапабекованың айтуынша, бұл орталықта сал ауруына шалдыққан 39 бала мамандардың көмегімен тәй-тәй басып, тұсауы кесілген.

1 жас 10 айлық сәби – Серік Қуанышқа «церебралды сал ауруы, сол жақ гемипарез» диагнозы, ал 1 жас 5 айлық сәби – Саламат Ратмирге тірек-қимыл жүйесінің бұзылуы диагнозы қойылған. Олар оңалту орталығына келген кезде жүру былай тұрсын, аяқтарын нық баса алмайтын еді.

Тәй-тәй... Қадамыңды бас. Бүгін астанада сал ауруына шалдыққан сәбилердің тұсауы кесілді

«Балапан» оңалту орталығының директоры Дина Талғатқызы орталық әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың шала туған, сал ауруына шалдыққан сәбилеріне көмектесу мақсатында ашылғанын айтты.

«Біздің серіктесіміз – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. Біздің орталықта 3 ай мен 2 жас аралығындағы сәбилерге оңалту жұмыстары жүргізіледі. Бұл жерде реабилитолог, невролог, неонатолог, логопед, дефектолог және басқа да арнайы мамандар жұмыс істейді. Біз сәбилерге ата-анамен бірлесіп көмек көрсетеміз.Дертпен туған сәбиін жетімдер үйіне өткізу-өткізбеу туралы ойланып жүрген ата-аналар болады, біз оларға рухани тұрғыда да көмектесіп, сәбиін тастауға болмайтынын, уақытылы ем қолданған кезде жағдайы оңалып кетуі мүмкін екенін айтамыз», - дейді ол.

Тәй-тәй... Қадамыңды бас. Бүгін астанада сал ауруына шалдыққан сәбилердің тұсауы кесілді

Ең бастысы – баланы оңалту орталығына ерте жастан алып келген жөн. Ерте жаста баланың миы өзгеріске икемді болады және мамандардың ырқына көндіріп алуға болады.

«Мысалы, Серік Қуаныш оңалту орталығына 1 жас 6 айлық кезінде келген және ол кезде аяғынан тік тұра алмайтын күйде еді. Білікті мамандардың еңбегі, ата-анасының үзілмеген үміті және өзінің күш-жігерінің арқасында ол аяғынан нық тұрып, бүгін тұсауы кесілді», - дейді Дина Талғатқызы.

Тәй-тәй... Қадамыңды бас. Бүгін астанада сал ауруына шалдыққан сәбилердің тұсауы кесілді

Тәй-тәй... Қадамыңды бас. Бүгін астанада сал ауруына шалдыққан сәбилердің тұсауы кесілді

Бұған дейін аяғын нық басқан сәбилердің тұсауын спорт, өнер, білім, ғылым жұлдыздары кескен. Бұл жолы сәбилердің тұсауын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының өкілі Мирас Нұрланұлы кесті.

«Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Ең бастысы – сәбилерімізге зор денсаулық, күш-қуат тілеймін», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорынің өкілі, корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры Мирас Іргебаев.

Зарина Қаһарман

Фото: автор

Өзгелердің жаңалығы