Бас жаңалықтар
Түркі елдері Сауда-өнеркәсіп палатасының жарғысы қабылданды
17 Мамыр 2019, 10:25 834

Түркі елдері Сауда-өнеркәсіп палатасының жарғысы қабылданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Болашақта бұл бастамаға Түрікменстан, Өзбекстан және Мажарстан қосылмақ.


Астана экономикалық форумы аясында Түркі іскерлік кеңесінің Түркі елдерінің Сауда-өнеркәсіп палатасы жарғысына қол қою рәсімі өтті. 
Енді қол қойылған жарғыға сәйкес палатаға мүше елдердің бизнес өкілдері өзара іс-қимыл ұйымдастыра алады және ол бизнесінің дамуына ықпал етеді.
ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Түркі елдері үшін маңызды құжаттың қол қойылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы себеп болғанын атап өтті.

«Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палатасы ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен аймақтық және жалпы дамуды көздей отырып құрылған болатын. Қазақстан Үкіметі Түрік кеңесінің жұмысын, бұдан әрі дамуын қолдап келеді. Үкімет тарапынан бұл идеяны толық қолдаймыз. Бұған дейінгі жұмысымыз ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды. Мен осы елдердің жеке секторы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытады деп ойлаймын және соның нақты нәтижелерін күтеміз», - деді Асқар Мамин.

Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдад Әмреевтің айтуынша, Түркі елдері бизнес палатасының өкілдері қазан айында Бакуде кездесуді жоспарлап отыр.

«Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдерінің бүгінгі жиыны өзара тиімді ынтымақтастық үшін, сонымен қатар Түркі елдерінің өзара туризм, білім және басқа да салаларда маңызды құрал болады деп ойлаймын. Біздің елдердің басшылары Шолпан-Атада кездесіп, бұл бастаманы елдер экономикасы зор ықпал ететіне сенді. Түркі кеңесінің сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері қазан айында Баку қаласындағы кездесуі мүше елдердің экономикалық ынтымақтастығына бағытталмақ. Жыл сайын біздің бизнес форум да ұйымдастырылады және ынтымақтастығымыз нығаяды», - деді Бағдад Әмреев.

Қол қою рәсіміне «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Әзербайжан Кәсіпкерлер (жұмыс берушілер) ұйымдарының ұлттық конфедерациясы президенті Мамед Мұсаев, Қырғызстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Марат Шаршекеев және Түркияның сауда палаталары мен тауар биржалары одағының президенті (TOBB) Рифат Хисарджыклыоглу, сонымен қатар Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің Қазақстандағы елшілері, Түркі кеңесіне мүше мемлекеттері іскерлік орталарының өкілдері қатысты.


Фото: автордан
Загрузка...