«Түркі әлемінің фильмдер қоры» құрылатын болды

14 Қараша 2021, 16:45
1275
Бөлісу:
«Түркі әлемінің фильмдер қоры» құрылатын болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Түркия Республикасының Стамбұл қаласындағы Ататүрік мәдениет орталығында өткен Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалінің жабылу салтанатына қатысты.

Кинофестиваль аясында Түркі мемлекеттері Мәдениет, спорт, туризм министрлерінің Кинематография саласындағы бірлескен декларацияға қол қою рәсімі өтті.

Тарихи құжатқа ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Әзірбайжан Республикасының Мәдениет министрі Анар Кәрімов, Қырғызстан Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Азамат Жаманқұлов, Түркияның мәдениет және туризм министрі Мехмет Ерсой, Өзбеккино Ұлттық агенттігінің бас директоры Фирдавс Абдухаликов қол қойды.

Кинофесивальға қатысушы елдер арасында Түркі мәдениетін, тарихын және салт-дәстүрін бейнелейтін құндылықтарды әлемде ілгерілетуде маңызды рөл атқаратын жобаларды іске асыру үшін «Түркі әлемінің фильмдер қорын» құруға уағдаласты.

Осы декларацияға сәйкес тараптар мақсаты түркі әлемінің өнері мен мәдениеті саласындағы ынтымақтастық үшін мүмкіндіктерді арттыру мақсатында Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалін іске асыруға ықпал ететін болады.

Іс-шара барысында сөз алған Ақтоты Райымқұлова Түркі елдерінің басын қосып, Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалін ұйымдастырған Түркия Республикасының басшылығына және Мәдениет және туризм министріне, ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға қазақ елінің және кино майталмандарының атынан алғысын жеткізді.

Қазақ пен Түрік халықтарының тарихи тамырластығы ғасырлар қойнауынан бастау алады, тіліміз бен мәдениетіміз жақын, құндылықтарымыз бен дүниетанымымыз ортақ. Тарихтың терең қойнауынан бастау алып бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан мәңгілік бауырластық байланыстардың осындай жарқын үлгісі біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың жан-жақты дамуына, мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға сергек серпін беретіні күмәнсіз. Біздің елімізде Қазақстан мен Түркияның кино өнері саласындағы байланыстар Елбасымыз Н. Назарбаевтың қолдауымен 1993 жылдан бері дамып келе жатыр. Дәлірек айтсақ, сол жыл түрік режиссері М.Әли Өзполаттың Ордабасыдағы құрылтайға және сол кезде түсіріліп жатқан «Қожа Ахмет Ясауи» фильмін «Арман» киностудиясымен бірігіп шығаруға шақырылған кезде басталған болатын. Одан кейін де екі ел арасында Мемлекет басшыларының қолдауымен әр жылдары түрлі халықаралық кинофестивальдер мен киноапталықтары үнемі өткізіліп келеді. Бүгінгі өтіп жатқан «Қорқыт ата» халықаралық кинофестивалінде Қазақстан тарапынан ұсынылып жатқан кинотуындылар мен делегация өкілдерінің жоғары дәрежеде келіп қатысуы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаның осы сала өкілдеріне үлкен қолдауы деп білеміз, - деді Мәдениет және спорт министрі.

Өзгелердің жаңалығы