Жайылғанова: Командамен жұмыс ауыстыруға жол жоқ

18 Қыркүйек 2020, 14:08
4353
Бөлісу:
Жайылғанова: Командамен жұмыс ауыстыруға жол жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова командамен жүретін әкім, министрлер туралы айтты.

Командалық ауыс-түйіске шектеу қойылғанымен, мұндай фактілер әлі де бар. Шенеуніктерге жаңа жұмыс орнында таныс кадрлармен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін заңнамалық олқылықтар қандай?, - деп журналист ОКҚ брифингінде сауал қойған болатын. 
Сұраққа жауап бере отырып, агенттік басшысы барлық тағайындаулар конкурстық негізде жүзеге асырылатынын, мұнда мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының конкурстық іріктеуге қатысуы қарастырылмағанын айтты.
Командалық ауыс-түйіске келетін болсақ, біз мұны белгілі бір пайыздан аспауы үшін мұқият қадағалап отырамыз. Бұл бағытта өте нақты жұмыс істеп жатырмыз.  Егер қандай да бір облыстың әкімі өзімен бірге адамдардың 7% -нан астамын алып келген болса, онда кез келген жағдайда олар конкурстық іріктеуден өтіп, осы лауазымға лайықты екендіктерін дәлелдеуі керек. Сонда ғана олар әріқарай жұмысын жалғастырады. Әсіресе, бірінші басшының өзі бұл конкурстық комиссияға қатыспайды. ...Бұл мәселе біздің бақылауымызда, - деді Анар Жайылғанова.
Тілші өз сауалында маусым айында тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды мысалға келтірді. Ол бірден бұрынғы жұмысындағы орынбасарын вице-министр етіп тағайындаған болатын.

Өте дұрыс байқадыңыз. Шындығында, өкінішке қарай, "Б" корпусы ғана мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бақылау саласына жатады.  Вице-министрлерге келетін болсақ, олар саяси қызметкерлер, Үкімет пен Президент әкімшілігіне бағынады. Олар бақылау жасау керек, - деп жауап берді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы.




Өзгелердің жаңалығы