Төрт күн демалыста үйде қалуларыңызды сұраймын – елорданың бас санитары

11 Желтоқсан 2020, 12:10
4304
Бөлісу:
Төрт күн демалыста үйде қалуларыңызды сұраймын – елорданың бас санитары

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өткен аптада елордада 100 мың адамға шаққанда жұқтыру көрсеткіші 51-ді құрады. 

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында Коронавирустық инфекцияның елордада таралуы және Нұр-Сұлтан карантин режимінің сақталуын бақылайтын мониторинг тобының жұмысы туралы онлайн брифингте Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева айтты. 

10 желтоқсаннан бастап қала «қызыл аймаққа» өтті.

Жанна Пірәлиеваның мәліметіне сүйенсек, қазан айының екінші жартысынан бастап қалада вирус жұқтырудың репродуктивті санының бірліктен асып кетуі байқала бастаған. Елорда қазанда 11 күн, қарашада алты күн «сары аймақта» болды. Қаланың «қызыл аймаққа» өтуіне тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтамауы себеп болып отыр.

Қазан айымен салыстырғанда өткен аптада 100 мың тұрғынға шаққанда вирус жұқтырушылар көрсеткіші 51-ді құрады. Жалпы 13 наурыз бен 10 желтоқсан аралығында қалада вирус жұқтырудың расталған 16880 жағдайы тіркелді, 340 адам көз жұмды, - деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі күні тәуілігіне 20-120 жағдай тіркеліп отыр. 

Қаладағы эпидемиологиялық жағдай санитарлық талаптардың күшейтілуін, тұрғындардың оларды қатаң сақтауын қажет етеді. Сондықтан алдағы мерекелік демалыс күндері үйде қалуларыңызды сұраймын. Сіз өз өміріңіз үшін ғана емес, өзгелердің өмірі үшін де жауапты екеніңізді ұмытпаңыз, - деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, қалада күн сайын вирус жұқтырушылар санының артуына байланысты қала мектептерін қашықтан оқытуға көшіру мәселесі қарастырылып жатқаны мәлім болды.
Өзгелердің жаңалығы