Бас жаңалықтар
Топ-100 студент анықталады
15 Қазан 2020, 10:49 73

Топ-100 студент анықталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кез келген азамат еліміздегі колледждердің ТОП-100 студентін анықтауға атсалыса алады. Бұл туралы ҚР БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

Республикалық байқауға 338 адам қатысып жатыр. Жоба жеңімпаздары өз мамандықтары бойынша кәсіпорын басшыларынан жұмысқа орналасуға шақыру алады. 

«Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» байқауының республикалық кезеңі басталды. Жоба талантты жастарды қолдауға және жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге бағытталған. Республикалық кезеңге іріктеу арқылы үлгерімі жақсы жастар, студенттік өзін-өзі басқару және еріктілер қозғалысының көшбасшылары, «World Skills» халықаралық чемпионаттарының, олимпиадалардың, спорттық жарыстардың, инновациялық идеялар конкурстары мен стартап-жобалардың қатысушылары мен жеңімпаздары өтті.  

Бұл жай ғана әлеуметтік жоба емес. Байқау қатысушылары арқылы біз оқушылар мен олардың ата-аналарына колледжде оқудың артықшылықтары туралы ақпарат беріп жатырмыз. Тіпті дауыс беру кезінде жетістіктерге жеткен студенттердің өмірінен қызықты мәліметтерді біліп, кадрларды даярлау бағыттарымен танысуға болады. Жалпы байқау колледж деңгейіндегі, аймақтық және республикалық, яғни осы үш кезеңнен тұрады. Үздік студенттер 20 қазанға дейін жалғасатын онлайн-дауыс беру арқылы анықталады. Ол үшін жоба сайтына кіріп, дауыс беру қажет. Интернет-ресурста қатысушылар туралы барлық ақпарат жарияланған. Жоба барысы болашақ жұмыс берушілердің бақылауында, олар жеңімпаздарға «Job offer» жіберіп, студенттердің оқуы аяқталған соң жұмысқа алады, – деді ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Байқау қатысушыларының басым бөлігі «Мехатроника», «Робототехника және кірістірілетін жүйелер», «Web-дизайнер», «Дәнекерлеуші», «Техник-электроншы», «Супервайзер», «Құтқарушы», «Электр жабдықтарын монтаждаушы» және басқа да мамандықтар бойынша білім алып жатыр. 

Жұмыс берушілер болашақ мамандарды өндірістік тәжірибеге шақыруға, өндіріс барысымен таныстыруға дайын. Жалпы колледждерде 500 мыңға жуық студент білім алып жатыр, жыл сайын шамамен 140 мың азамат оқуын аяқтайды. Қазақстандық колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіштері өте жақсы. Мәселен, түлектердің шамамен 70%-ы диплом алғаннан кейін бірден жұмысқа орналасса, қалғандары көбінесе жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырып жатыр, – деп атап өтті Насымжан Оспанова.


Фото: дереккөз
Загрузка...