Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы жеңіл атлет, Токио Олимпиадасының қатысушысы Ольга Рыпакова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында айтты. Сондай-ақ спортшы жанкүйерлеріне, барша қазақстандықтарға көрсеткен қолдаулары үшін алғысын білдірді.
Сонымен қатар бүгінгі Олимпиада көрсеткен өнерін жеке бапкерімен әлі талқыламағанын алға тартқан Рыпакова барымды салдым деп отыр.
Ең алдымен, мені қолдайтын барша жанға шын жүрегіммен алғыс айтқым келеді. Барлық төрт Олимпиада бойы үнемі менімен бірге екендеріңізді білемін. Бұл - мен үшін өте маңызды. Олимпиадада өзімді жақсы жағына бағыттаған едім. Әдеттегідей барымды салдым. Неге бұлай болғанын өзім де әлі түсіне алмай отырмын. Стадионнан жақында ғана келдік. Әрине, соңғы Олимпиадамды сәтті аяқтап, жанкүйерлерімді қуантқым келген еді. Жеңіс тұғырына көтеріліп, сөзбен айтып жеткізе алмайтын эмоцияны сезінгім келді, - деп ағынан жарылды жеңіл атлет.
Сонымен қатар Ольга Рыпакова алдыңғы және осы Олимпиаданың арасы жер мен көктей деп отыр.
Көрермендердің жоқтығы бәрібір сезіледі екен. Олимпиада ойындарын осындай күрделі жағдайда өткіздік, - деді үш қарғып секіруден үш Олимпиада чемпионы.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Ольга Рыпакова Токиодағы Олимпиаданың финалына өте алмаған болатын. Алғашқы айналымда Рыпакова 13.66, екінші айналымда – 13.69 (маусымдағы жеке рекорд) метр нәтижесін көрсетті. Алайда үшінші айналымда бағы жанбады. 12 үздіктің қатарына кірмегендіктен ақтық мәреге өтпеді. Спортшы бұған дейін Олимпиада ойындары - 2008 «күміс», Олимпиада ойындары - 2012 «алтын» және Олимпиада ойындары - 2016 «қола» медальді иеленген.