Тоқаев қол қойған заңдарға қатысты Ерлан Қарин пікір білдірді

27 Маусым 2020, 19:37
1666
Бөлісу:
Тоқаев қол қойған заңдарға қатысты Ерлан Қарин пікір білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президентінің кеңесшісі, Ұлттық Кеңес хатшысы Ерлан Қарин Мемлекет басшысы бүгін қол қойған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы саяси реформалар аясында дайындалған маңызды құжат деп есептейді.

Бұл туралы Қарин өзінің Telegram-каналында мәлімдеді.

Бүгін Президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл президенттік саяси реформалар аясында дайындалған маңызды заң жобасы. Осы заң бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бабы "Жала жабу" Әкімшілік кодекске ауыстырылады. Бұл бапты декриминизациялау туралы тапсырманы Президент былтыр желтоқсандағы Ұлттық кеңестің екінші отырысында берген болатын. Осы заңмен Қылмыстық кодекстің 174-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Еске сала кетсек, былтыр желтоқсанда Президент осы бапты ізгілендіру туралы ұсыныс айтқан болатын. Дегенмен, баптағы өзгерістер редакциялаумен бітпейді, мәселен, "өршіту" сөзі "от салу" сөзімен алмастырылған. Жаңа заңға сәйкес, осы бап бойынша 2000-нан 7000 АЕК көлемінде айыппұл енгізілді (бұрын тек 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру болатын). Осылайша Мемлекет басшысы Ұлттық кеңестің екінші отырысында қозғаған президенттік саяси реформалар пакеті толығымен орындалды.

Саяси блоктан бөлек, сайлау туралы (партиялық сайлау тізімінде тұрған әйелдер мен жастарға 30% квота енгізу), партия туралы (саяси партияларды тіркеу кезінде кездесетін кедергілерді екі есеге қысқарту), парламенттік оппозиция институтын енгізу, митингілер туралы жаңа заң қабылдау туралы бастамалар назарға алынды. Құқық қорғаушылар мен журналистердің де ұсыныстары жүзеге асырылды. Осы айларда Ұлттық кеңес мүшелері, мемлекеттік органдар мен Парламент депутаттары жаңа заң жобаларын дайындап, үлкен жұмыс атқарды. Президенттік саяси реформалар пакетін жүзеге асыру конструктивті және тиімді диалог процесінің кезекті үлгісі болды. Бұл Ұлттық кеңес аясына жүзеге асырылған саяси блок қана. 

Бұдан бөлек "Ардагерлер туралы" жаңа заң қабылданды, Сыртқы қарыз бірыңғай реестрі қабылданды, шетелдік жұмыс күшіне квота екі есеге қысқарды, жерге космониторинг жасау жобасы жүзеге асып жатыр, соның арқасында 3 ай ішінде мемлекеттік меншікке 2 млн. га пайдаланылмайтын жайылым қайтарылды.


Өзгелердің жаңалығы