Бас жаңалықтар
Тоқаев ЕАЭО жайлы: Кәсіпкерлеріміз бірқатар «астыртын» кедергіге тап болып отыр
08 Ақпан 2019, 11:26 854

Тоқаев ЕАЭО жайлы: Кәсіпкерлеріміз бірқатар «астыртын» кедергіге тап болып отыр

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО шеңберіндегі еркін саудаға тосқауыл болып отырған түйткілдерді атады.


Тоқаевтың айтуынша, ЕАЭО-да атқарылып жатқан жұмыстар мен оң нәтижелерге қарамастан, әлі күнге дейін мүше мемлекеттер тарапынан серіктес елдердің мүдделері ескерілмей, өз ішкі нарықтарын қорғау мақсатын көздейтін шаралар орын алып жатыр. 

 «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі еркін саудаға айтарлықтай тосқауыл болып отырған түйткілдердің қатарында өзара сауданы жүзеге асыру, тауарларды транзиттеу және ішкі нарыққа қол жеткізу кезіндегі қиындықтар, жекелеген тауарлардың әкелінуіне шектеу қою мәселелері, жергілікті билік органдары тарапынан жасалатын кедергілер бар. Декларациялауды талап ететін кедендік шекаралардың болмауына қарамастан, кәсіпкерлеріміз бірқатар «астыртын» кедергілерге тап болып отыр. Мұндай жағдай сыртқы саудаға теріс әсер етеді, бизнес қоғамдастығының еуразиялық интеграцияға деген сенімсіздігін тудырады және интеграцияның дамуына қиындықтар келтіреді», - деді Тоқаев Еуразиялық Экономикалық одақтағы Қазақстан Республикасының сауда саясатын іске асыру мәселелері туралы Үкімет сағатында.

Сенат төрағасының айтуынша, әлемдік қаржы және тауар нарықтарында орын алып отырған тұрақсыздық, санкциялық текетірестер Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық әлеуетіне теріс ықпал етіп отырғаны анық. Бұл мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық саясатын үйлестіру жұмысын оңтайландыруды талап етеді. 

«Үкімет бизнес қоғамдастығы өкілдерінің назарын Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығын қалыптастыру барысында ашылатын мүмкіндіктерге аударуы қажет. Атап айтқанда, алдағы уақытта құрылатын Еуразиялық экономикалық одақтың электр энергетикалық нарығының аясында Қазақстан отандық электр энергетикасы саласының экспорттық әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болып отыр. 2025 жылға қарай Одақ шеңберінде газдың, мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы қалыптасады. Осы бағытқа ерекше мән беріп қарағанымыз жөн. Біз ішкі нарықта жанар-жағар майдың бөлшек саудадағы бағасының өсуіне жол бермеуге тиіспіз», - деді Тоқаев.

Сенат төрағасының мәліметінше, Одақ шеңберінде қазақстандық тауарлардың транзиті мен тасымалдануын жеңілдету үшін, сондай-ақ Одақ елдеріндегі серіктестермен байланыстарды дамыту үшін Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі Цифрлық күн тәртібінің аясында цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру керек.

«Бірыңғай цифрлық кеңістікті дамыту шаралары экономикалық тұрғыдан нақты нәтижелер беруі тиіс. Осы тұста Еуразиялық электрондық еңбек биржасын құру жөніндегі Қазақстанның маңызды бастамасын атап өту қажет. Одаққа мүше мемлекеттердің бір-біріне мемлекеттік сатып алу саласында өзара ұлттық режимді ұсынуы Отандық бизнес үшін үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алуларына қатысу мүмкіндігі қазақстандық бизнес үшін көлемі шамамен 102 млрд АҚШ доллары болатын нарыққа жол ашады. Бұл отандық мемлекеттік сатып алу нарығынан 12 есе үлкен», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Загрузка...

Сізден жаңалық