Мұғалім: Ұстаз үшін ең бағалы сыйлық – оқушының алғысы

1 Қазан 2020, 16:52
12210
Бөлісу:
Мұғалім: Ұстаз үшін ең бағалы сыйлық – оқушының алғысы
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мұғалімдер күні қазан айының бірінші жексенбісі мерекеленеді. Мереке қарсаңында №66 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Толқын Бейсековамен әңгіме өрбіткен едік.

Мектепті тәмамдаған соң Тараз қаласындағы мемлекеттік университеттің журналистика мамандығына түстім. Екінші курсты оқып жүргенімде ата-анам «қыз бала үшін ең тиімді мамандық – мұғалім. Мұғалімдікті оқып ал, ертең журналист болып жұмыс істей аласың ба?» деді. Сөйтіп, ата-анамның кеңесімен мамандығымды қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғаліміне ауыстырып, оқуымды тәмамдадым. Дипломымды алып, елордаға келдім, - дейді ол.

Толқын Батырбайқызы елордалық мектептерді аралап, түйіндемесін қалдырады. Алайда, ол мамандығына деген қызығушылық көңілін көншітпегенін айтады.

Мектептерді аралап жүрген кезімде «Бәйтеректің» жанындағы №66 мектеп-лицейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашып жатты. Сол кезде «осы мектепте жұмыс істесем екен» деген арман-мақсаты аралас ой пайда болды. Оқушы кезімдегі жетістіктерімнің куәгері болған құжаттарымды алып, сол мектептің директорына кірдім. Директор бірден жұмысқа қабылдады. Осылайша, елорданың үздік мектебінде білім беру арманы орындалды. Жас маман ретіндегі жұмысыма қызығушылығым арта түсті. Оқушылармен қарым-қатынас орнатып, ісіме деген ризашылық пайда болды. Сабақ беріп, шыңдала түстім. Оқушылармен бірге дайындалып, байқауға да қатысып жүрдім, - деді ол.

Маман атағандай, ол 3 жылдан кейін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады.

Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Бұл 2500 баланың тәрбиесіне жауап беру деген сөз. Сөйтіп, жұмысқа білек сыбана кірісіп кеттім. Шынымды айтсам, жылдан жылға өз мамандығыма деген махаббатым артып келеді. Себебі, жыл санап мұғалім мәртебесі де артуда. Біздің бас ұстаз – министріміз Асхат Қанатұлы ұстаздарға үлкен қолдау көрсетіп жүр. Өз мамандығымды мақтан тұтамын, - деді Толқын Бейсекова.

Сондай-ақ, ол пандемияға қатысты қашықтан оқытудың машақаты туралы айтып берді.

Әрине, төтенше жағдайға байланысты онлайн форматқа көшкеніміз ұстаздар үшін екі есе жұмыс болды. Бірден цифрлық жүйеге кірісіп кеттік. Бір жағынан бұл өте үлкен жетістік деп ойлаймын. Бірнеше платформаны да меңгеріп үйрендік. Қашықтан оқыту үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әр бала тақырыптарды түсінуі керек. Әрбір ұстаз оқу мақсатына жетуі керек. Ал онлайн оқыту кезінде бұл мақсатқа жету өте қиын. Көп бала сұрақтарын қоймай қалуы немесе түсінбей қалуы мүмкін. Техникалық ақаулар да болуы мүмкін. Оффлайн оқыту кезінде оқушылармен тікелей байланыс орнатып, білім беру жеңіл болатын. Қашықтан оқытуда ондай мүмкіндік болмады. Дегенмен, біз барынша оқу мақсатына жетуге тырысамыз, - деді ол.

Ұстаздың айтуынша, пандемия басталғалы ол телесабақ беріп келеді.

Бұл - біз үшін үлкен жоба. Республика көлемінде сабақ беріп жатырмыз. Оған қойылатын талап өте жоғары, бір сабағымыздың өзін 10 сарапшы тексереді. Оқушылар үшін барынша сауатты, сапалы, ұғынықты сабақ шығару керек. Осы мақсатта қазір жұмыс істеп жатырмыз. Онда нақты тапсырмалар беріледі. Кері байланыс болмаған соң, оның жауаптарымен қоса оқушыларға түсіндіріп өтеміз, - деді ол.

Толқын Батырбайқызының айтуынша, қашықтан оқыту кезінде оқушыларға деген сағыныш пайда болған.

Олармен тікелей көрісіп, эмоцияларын бағамдағымыз келеді. Олардың жүзінен сабақты қаншалықты түсінгендерін байқап, қайта жұмыс істейтін едік. Ол күннің ауылы да алыс емес деп ойлаймыз. Барлығы қалыпқа келген соң, дәстүрлі білім беру форматына ораламыз деп ойлаймын. Бала мен ұстаздың арасындағы махаббатты сезінуге жететін күндер алыс емес шығар, - деді ол.

Толқын Бейсекованың айтуынша, жақсы ұстаздың еңбегі әрқашан көрініп тұрады.

Жақсы ұстаздың жетістігі айқындалып тұрады. Оны бірден оқушы, ата-ана және әріптестері байқайды. Жақсы ұстаздың жетістігі де көп болады. Бірінші жетістігі – баланың жүрегінен орын табу, білімді құю арқылы оның көңілінен шығу. Екіншіден, ата-ана баласын ұстаздан артық біледі. Үйде пәнге деген махаббаты мен ықыласын көрген ата-ана, ұстаздың қадірін түсінеді. Ұстаз үшін ең бағалы сыйлық – оқушының алғысы. Елдің алғысын алған ұстаз, шабыттанып, келешек ұрпақты одан әрі тәрбиелеп қалыптастыруға тырысады, - деді ол.

Толқын Батырбайқызының айтуынша, ұстаз болудың басты миссиясы – балалардың белсенді және креативті ой өрісін дамыту.

Оқушының өз сенімділігіне сай әрекет ету батылдығын дамыту және жаһандық азамат болуға атсалысу ұстаздың мойнында, - дейді ол.

Ұстаз алдағы келе жатқан мерекемен барша қазақстандықты құттықтады.

Ұстаздардың төл мерекесімен барша қазақстандық ұстазды құттықтаймын. Ұстаз – мектептің жүрегі. Әр адам мектептен тәрбие алып шығады. Әрбір адамның тұлға болып қалыптасуына ұстаздың қосатын үлесі зор. Ұстаздарға ең басты тілегім – зор денсаулық. Дені сау ұстаз оқушыларға сапалы білім береді. Мұғалімдерге сабырлық пен төзімділік те артық болмайды. Білім реформасы күнде өзгеріп жатқан заманда ұстаздарға артылған жауапкершілік зор. Түрлі платформаларда монтаж да жасаймыз. Цифрланудың көшін бастап келе жатқан ұстаздық, - деді ол.

Айта кетейік, мұғалімдер күні 1965 жылы 29 қыркүйекте КСРО жоғарғы кеңесі президиумының бұйрығымен қазан айының алғашқы жексенбісіне бекітілді. 1966 жылы 5 қазанда ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің жағдайы туралы» құжатқа қол қойған.

Өзгелердің жаңалығы