Бас жаңалықтар
PATA Travel Mart - 2019: Қазақстанда Tax free іске қосылады
20 Қыркүйек 2019, 15:26 370

PATA Travel Mart - 2019: Қазақстанда Tax free іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін PATA Travel Mart - 2019 Азия-Тынық мұxиты елдерінің туристік көрмесінің соңғы күні өтуде. Көрме аясында Қазақстанда Tax Free жүйесінің ресми іске қосылуына орай медиа-брифинг өтті.

Пилоттық жобаның бастауы жайлы және жалпы елдегі туризмді дамыту жоспары бойынша «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ өкілі Еркебұлан Хасенов айтты. 

«Елімізде туризмді дамытуға бағытталған 2025 жылға дейін жоспарланған жеті жылдық бағдарлама әзірленіп, мақұлданды. Бұл ерекше бағдарлама. Бағдарлама аясында ТОП-10 үздік туристік жердің картасы жасалды. Мемлекет 7 жыл бойы осы 10 үздік аймақты дамыту үшін қаржылық ресурс құяды. Ол инфрақұрылым, транспорт, инженерлік-техникалық, сондай-ақ үздік ондықты халықаралық аренада дамытуға бағытталады. Туристік жерлерге инвестиция тарту бойынша да жұмыс жасалады. Ішкі көшпелі туризмді дамытуды жетілдіру үшін Tax free жүйесін іске қосу жоспарлануда», - деді Еркебұлан Хасенов.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ өкілінің айтуынша, үздік ондықтың ішінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары көш бастап тұр.

«ТОП ондықты айтар болсақ, әрине Алматы қаласы алдыңғы орында. Себебі туристер жиі келетін аймақтың бірі. Соңғы статистикалық көрсеткіш бойынша туристер ағыны 28%-ға өскен. Яғни алты айда 200 мыңнан аса шетелдік турист келген. Хостельдер мен қонақ үйлер саны да 35% артты. Жатын орындардың саны да артып отыр. Мысалы, Алматыда 20 мың орын бар. Бұл көрсеткіштер одан да жоғары болуы мүмкін. Сондықтан бірнеше жүйелі жұмыс әзірленуде», - деді ол.

Сондай шаралардың бірі – Tax free. Бұл жүйенің артықшылығы – туристерге салықты қайтару пайызы қарастырылған.

«Статистикаға сәйкес Tax free жүйесі көптеген елде тауар айналымын арттырып қана қоймай, туристерді де көбейтеді. Мемлекеттік бағдарламада Tax шарасын 2022 жылдан бастап енгізу жоспарланған. Алайда, бізде жаңа мемлекеттік бағдарламаның басты ұстанымы – мемлекеттік жекеменшік серіктестік. Сондықтан да біз 2022 жылды күтпейтін болдық. Себебі, «Capital parners» компаниясы Tax free жүйесін пилоттық жоба ретінде енгізу бастамасын ұсынды. Бұл бастаманы Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh tourizm» ҰК қолдады», - деді Еркебұлан Хасенов.

Пилоттық жоба осы жылдың соңына қарай Алматы қаласында іске қосылады.

Естеріңізге сала кетейік, елордадағы Көрме орталығында РАТА Travel Mart - 2019 көрмесі өтуде.


Фото: Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Загрузка...

Сізден жаңалық