Тәтті түтіннің ащы зардабын шеккендер. Вейптің буынан уына дейін

30 Қыркүйек 2021, 13:13
17152
Бөлісу:
Тәтті түтіннің ащы зардабын шеккендер. Вейптің буынан уына дейін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жастар арасында электронды құрылғыларды қолдану соңғы кезде белең алып барады. Қазір бір реттік вейпті қолжетімді бағаға сатып алуға болады. Электронды темекіні сатып алуға жас шектеуі жоқ. Себебі жасөспірімдердің оны шегіп жүргенін көруге болады. Электронды уды кәмелет жасына жетпегендердің пайдалануына жаза бар ма?

Бу мен у

Алдымен вейпинг деген ұғымға тоқталайық. Вейпинг ағылшын тілінен аударғанда vaping - «булану» дегенді білдіреді. Бұл - электронды темекі, түтін шығаратын және осыған ұқсас басқа құрылғыларды шегу процесі.

Вейп - электронды темекі, мини-кальян. Темекі шегушілер электронды құрылғыларды мүлдем қауіпсіз деп санайды.

Бірақ электронды темекі шегуден болатын зиянды әдеттегі темекіден болатын зиянмен салыстыруға болатыны туралы материалдар әртүрлі дереккөздерде жиі жарияланады.

Ресей тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адамның әл-ауқатын бақылау жөніндегі федералды қызметінің ресми сайтында вейпті ингалятормен салыстыруға болатыны айтылған. Ондағы сұйықтық қайнаған кезде темекі шегуші дем алатын бу пайда болады.

Буландыратын сұйықтық неден тұрады?

-Глицерин

-Пропиленгликоль (Е1520)

-Хош иісті қоспалар

-Никотин (әрдайым емес)

Бірақ канцерогенді шайырдың болмауы булану құрылғысын қауіпсіз ете алмайды.

Берклидегі Лоуренс ұлттық зертханасының мамандары электронды темекі шегу кезінде қандай улы заттар пайда болатынын анықтады.

Кейбір жағдайларда электронды темекінің сұйықтығы қолдан дайындалады. Мұндай сұйықтық бірнеше есе арзан және бәріне қолжетімді болады. Өнімде оның құрамы туралы ақпарат болмайды.

Электрондық темекі шегу кезінде бөлінетін буда 31 қауіпті зат болады. Құрылғы буланған кезде шығатын канцерогенді заттардың концентрациясы едәуір артады.

Тәтті түтіннің ащы зардабын шеккендер. Вейптің буынан уына дейін

Вейперлер өлімге әкелетін «попкорн ауруына» шалдығу қауіпіне душар болады. Ғалымдар темекі шегуге арналған хош иістердің 75%-ында диацетилдің улы химикатын табу арқылы осындай қорытынды жасаған.

Ал Корея ғалымдары электронды темекіге арналған сұйықтықты зерттеп, кем дегенде 10 токсинді және никотин мөлшерін анықтады.

2019 жылы тұңғыш рет электронды темекінің әсерінен АҚШ-та 16 жастағы жасөспірімнің екі өкпесі трансплантанцияланды.

Тәтті түтіннің ащы зардабын шеккендер. Вейптің буынан уына дейін

Instagram-да Vape Shop-тар жеткілікті. Әртүрлі дәмімен сатылатын бір реттік вейптің құны 2 мыңнан басталады.

Байбалам салған жұртшылық

Оқушылардың арасында электронды құрылғыларды шегудің қарасы көбейгеніне қатысты желі қолданушылары байбалам салды.

Бірінші көргенде түсінбедім. Екінші көргенде таңғалдым. Үшінші көргенде қорқа бастадым. Бұл қазіргі оқушылар қолданып жүрген «однаразка» деген нәрсе. 6-7 оқитын оқушы қыздардың бұрқыратып тұрғанын осымен бірнеше рет көрдім. «Однаразка» деген электронды темекінің жасөспірімдерге арналған түрі көрінеді. Елордада мұны табу оңай екен. Барлық аймақта сатылады. «Тикток» пен «инстаграмда» жарнамасы ұрып тұр. Ақшасын төлесең болды, тегін жеткізіп береді. Оқушылар оп-оңай қолданып жүр. Удың жақсысы болмайды. Бүгін осыған үйренген бала ертең бұдан да сорақысына көшеді. Сондықтан мұның ұңғыл-шұңғылын әбден зерттеп, балаларға қолжетімді болуын тежеу керек, - деп жазды «Мұнара» газетінің бас редакторы Серікбол Хасан.

Бұл осындай жалғыз пікір болмады. Оқушы балалары да вейпті қолданғанын айтқан ата-аналар табылды.

Үшінші сынып оқитын ортаншым мен алты жасар ұлым 12-13 жасар көрші балалардың қолынан көріп, бірге шегіп жүр екен. Оны қызым айтып берді. Сөйтіп сөйлестік. Зиянын айттық. Түсінгендей болды. Бірақ, алты жасар балам, әке бірақ дәмі жақсы ғой, маған клубникасы ұнайды деп қарап тұр. Балаларымды ұрып-соғу жат маған. Сондықтан, тағы да көбірек әңгімелесуге тура келді. Дегенмен, түзде не істеп жүргендігін бақылай алмаймыз, тіпті мектепте қоңырау уақытында немен айналысатындығынан да бейхабармыз. Көңілге медет болғаны, әйтеуір ұлдарым сөзімді ұққандай болды, - деп жазды журналист Алмат Әбдіраман.

Ал елорданың орта мектептерінің бірінде 8-сынып оқитын оқушы мектеп пен таныстарының арасында вейпті жиі тартатындар бар екенін жеткізді.

Мектепте вейп тартатындар бар. Бірақ оның бір реттік немесе көп реттік екенін білмейді екенмін. Аулада да тартып жүрген балаларды көп байқаймын. Бірақ өзім ондайға әуес емеспін. Шегіп көрмедім, - деді ол.

Білім министрлігі хабардар ма?

Осы мәселеге қатысты Білім және ғылым министрлігіне сауал жолдаған едік.

Министрліктегілер барлық білім беру ұйымында тәрбие жұмысы бойынша жоспарларды іске асыру аясында жыл бойы салауатты өмір салтын насихаттау және нашақорлықтың алдын алу жөніндегі іс-шаралар тұрақты негізде жүргізілетінін айтты.

Білім беру ұйымдарында «Ойланатын уақыт: 16 жасқа дейін және ол жастан үлкен» интерактивті оқу бағдарламасы енгізілді. Бұл оқу бағдарламасы темекі шегудің алдын алу, нашақорлықтың оқушылар арасында болуы туралы жалпы білім беретін мектептер, кәсіптік мектептер мен колледждерде бар, - делінген БҒМ жауабында.

Мектеп бағдарламасына «Нашақорлықтың, алкоголизм мен шылым шегуді алдын алу» атты оқу құралы 2012-2013 оқу жылдан бастап білім беру ұйымдарындарында пайдалануға рұқсат етілген қосымша әдебиеттердің тізіміне енгізілген екен.

«Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы мектепке дейінгі ұйымдардан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде іске асырылады.

Өз дамуында бірқатар дәйекті кезеңдерді өтіп, «Өзін-өзі тану» бағдарламасы балалар мен жастарға адамгершілік-рухани тәрбие беруді қамтамасыз ететін Ұлттық білім беру ресурсының заманауи мәртебесіне ие болды.Мектепке дейінгі ұйымдардан бастап білім берудің барлық деңгейінде дене шынықтыру сабақтары аптасына кемінде 3 сағат көлемінде өткізіліп жатыр, - деді Білім министрлігіндегілер.

Сататындар мен шегетіндер жазалана ма?

Ал электронды қондырғылардың сатылуына қатысты Ішкі істер министрлігіне сауал жолдап көрдік.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 7 шілдедегі Заңмен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне тыйым салынған бұйымдардың тізбесін кеңейту бойынша түзетулер енгізілді, - деп жауап берді министрлік.

«21 жасқа толмаған адамдарға темекіні және темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сату бойынша» 423-1-бабы енгізілді.

Қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, электрондық тұтыну жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды 21 жасқа толмаған адамдарға сатқаны үшін 15-тен 200 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделген, - дейді ІІМ.

Бұл бойынша Ішкі істер министрлігі бірқатар жұмыс атқарған көрінеді.

Биыл полиция қызметкерлері аталған бап бойынша 500-ден астам құқық бұзушылықты анықтаған.

ӘҚБтК-нің 441-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салу белгіленген орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін және олар үшін сұйықтықтарды тұтынғаны үшін 16 жасқа толған жеке тұлғаларға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген, - деді министрліктегілер.

Егер 16 жасқа толған, кәмелетке толмаған адамның дербес табысы болмаса, онда айыппұл заңды өкілдерге салынады. Жыл басынан бері аталған бап бойынша 12,5 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды.

P.S. Вейпті шегіп жүрген жасөспірімдерді көрсеңіз, ұлттың саулығы үшін құзырлы органдарға хабарласыңыз. Жоғарыда көрсетілгендей, сатушылар мен тұтынушыларға жаза қолданылады.

Өзгелердің жаңалығы