Таразда делдалсыз ауыл шаруашылығы тауарларын сататын дүкен ашылды

20 Қазан 2020, 16:50
3725
Бөлісу:
Таразда делдалсыз ауыл шаруашылығы тауарларын сататын дүкен ашылды
Фото: автордан

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласының іргесіндегі Жамбыл ауданы әкімдігінің қолдауымен облыс орталығынан ет павильоны ашылды. Бұл нысанның ерекшелігі сол – ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз, арзан бағамен қала тұрғындарына жеткізеді.

Жұмыс істеймін деген адамға кәсіптің көзін табу қиын емес. Тек ынта мен талап болса болғаны, - дейді павильонның иесі, жамбылдық кәсіпкер Жұмасейіт Нұрбаев.

Төле би даңғылы мен әл-Фараби көшесінің қиылысынан ашылған сауда орталығында қой, сиыр, жылқы мен тауық еті, балық, күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік пен көкөністер, сүт өнімдері сатылады. Бағасы жүйелі, нарық бағамынан 10-15 пайызға төмен.

Таразда делдалсыз ауыл шаруашылығы тауарларын сататын дүкен ашылды

Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, ет орталығын ашудағы мақсат – аудандағы шаруашылықтар малының етін дүкенге делдалсыз өткеруге жол ашу.

Қазір карантин шаралары қайта күшейтіле бастады. Мал базарлары да жабылғалы жатыр. Мұндай кезде шаруалар алыпсатарларға малын арзан беріп жібермес үшін кәсіпкермен келісе отырып, осындай қадамға бардық. Кәсіпкер, «Байелі болыс» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмасейіт Нұрбаев «Алқаптан сөреге» жобасы аясында осы «Ет орталығы» дүкенін ашып, бізге қолдау көрсетуде. Біз облыс орталығы Тараз қаласының тұрғындарын табиғи ет және сүт, ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтуды көздеп отырмыз. Кәсіпкер өзінің де, өзге шаруа қожалықтардың да мал етінен бөлек, ауыл шаруашылығы тауарларын өткеретін болады, - дейді ол.

Тараз қаласын айнала қоршап жатқан Жамбыл ауданының мүмкіндігі зор. Мұнда ет-сүт өнімдерінен бөлек, ауыл шаруашылық тауарлары баршылық. Оны сақтау қоймалары да жеткілікті. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз алқаптан сөреге жеткізуді ойлаған аудан басшылығы кәсіпкерге қолдау көрсетуде.

Павильон сатушысы Дильия Таласова мұнда сиыр етінің және туралған еттің 1800 теңгеден сатылып жатқанын айтты.

Жалпы дүкендегі баға базардағы бағаға қарағанда 150-200 теңге арзан, - дейді сатушы.

Кәсіпкер Жұмасейіт Нұрбаевтың шаруа қожалығында 2 мыңға тарта қой, мың жылқы, 500-дей мүйізді қара бар. Өз малын бордақылап, осында өткеруді жоспарлаған кәсіпкер, аудан шаруашылықтарының мал еті мен сүт өнімдерін, көкөністері мен жеміс жидектерін қабылдап, дүкенде өткеруге дайын.

Бұрын осы арада мал етін сататын дүкеніміз болған. Он жылдан аса осы кәсіппен айналыспай кетіп едім. Енді қайта қолға алуыма тура келіп тұр. Өйткені қолда бар малды бұған дейін алыпсатарларға өткеріп келдім. Олар арзан алуға тырысады. Осы неге «Ет орталығын» ашып, халыққа делдалсыз, нарық бағамынан төмен бағада ет-сүт өнімдерін сатпасқа деген ой келді. Жоспарымды жүзеге асыру үшін Төле би көшесі бойындағы ғимараттың бір бөлмесін қайта жабдықтап, дүкен аштық. Мұнда ет-сүт өнімдерінен басқа барлық ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағамен алуға болады, - дейді кәсіпкер.

Дүкен жаңа ашылғандықтан мұндағы тауар әзірге аз. Оны халықтың сұранысына қарай кәсіпкер алдағы күндері еселеп арттыруға ниетті. Арнайы тоңазқыш орнатып қой етін бұзбай сату жағын да қарастыруда.


Өзгелердің жаңалығы