Бүгін мешіттерде тарауих намазын оқу басталады

5 Мамыр 2019, 21:26
32965
Бөлісу:
Бүгін мешіттерде тарауих намазын оқу басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде тарауих намазын оқу басталады.

Бұл жаңа айдың тууымен қасиетті Рамазан айы кіргендігін білдіреді. Осыған орай, мешіттерінде 20 рәкәғат тарауих намазы оқылады. Тарауих намазы күнде құптан намазының парызынан кейін оқылып, ай бойы жалғасады.
BAQ.KZ тілшісі елордадағы Әл-Ғани мешітінің бас имамы Бағдат Ахметәлиұлынан тарауих намазына қатысты сұрап білген еді. 
Тарауих сөзінің мағынасы қандай? 

Рамазан айында оқылатын жиырма рәкәғаттық тарауих намазының негізгі мағынасы тынығу, демалу дегенді білдіреді. Себебі, тарауих намазының әр екі рәкәғатынан соң сәлем беріліп, әр төрт рәкәғаттан кейін бір сәт демалады. Сол үшін бұл төрт рәкәғатты таруиха деп атайды. Сонда бір тарауих намазында бес таруиха бар. Таруиха сөзінің мағынасы демалу дегенді білдіреді. Тарауих сол сөздің көпше түрі. 

Тарауих қандай намаз? 

Тарауих намазы – мүәккәд сүннет яғни бекітілген, күшті сүннет қатарына жатады. Бұл – бес уақыт намаз секілді парыз болмағанымен, белгілі бір уақыты бар намаз. Рамазан айында құптан мен таң намазы аралығында оқылатын жиырма рәкәғаттан тұратын құлшылық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла Тағала рамазан айында оразаны парыз етті. Мен де тарауих намазын мұсылмандарға сүннет қылдым» деген. Сондықтан тарауих намазы еркектер мен әйелдер үшін мүәккәд сүннет. 

Бұл намазды міндетті түрде жиырма рәкәғат оқу керек пе? 

Бұл мәселеде біздің Ханафи мәзхабымыз Хз.Омардың ұстанымына сүйенеді. Бірде Хз.Омар мешітке келгенде жамағаттың бәрі өз бетінше тарауих намазын оқып жатқанын көреді. Сондай тәртіпсіздікті байқаған Хз.Омар сол күннен бастап имамға ұйып, жиырма рәкәғат тарауих намазын оқуды бұйырған. Одан кейін әділ халифаның бұл шешіміне ешкім қарсы шықпаған. Себебі Алла Елшісінің (с.ғ.с) «Менен соң менің сүннетімнен және әділ халифаларымның сүннеттерінен алшақтамаңдар» деген хадисі бар.
Жалпы, еліміздегі орталық мешіттердің барлығында тарауих намазында Құран хатым етіледі. Сондықтан барлығына қатысқан абзал. Ал намазды енді бастап жүргендер үшін жиырма рәкәғат ауырлау болуы мүмкін, шағын мешіттерге барып төрт, сегіз рәкәғат оқып бойын үйретсе болады. Себебі, жамағатпен оқылатын намаздың абзалы – мешітте оқылған намаз.

Бұған дейін ҚМДБ бекіткен Ораза кестесін жариялаған болатынбыз. Биылғы рамазан айы 6 мамыр күні басталып, 4 маусымда аяқталады.

Өзгелердің жаңалығы