Бас жаңалықтар
Түркістан: Наурыз мерекесінде ұлттық құндылықтар дәріптелді
22 Наурыз 2019, 10:13 542

Түркістан: Наурыз мерекесінде ұлттық құндылықтар дәріптелді

Астана, BAQ.KZ. Ұлыстың күні мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шара «Табиғаттың оянуы» театрландырылған-хореографиялық қойылымымен басталды. Түйемен сахнаға шыққан Қыдыр ата жаңа жылдың басталуымен сүйіншіледі. Сондай-ақ «Көктем вальсі» әні шырқалып, биі биленді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.


Ұлттық киімдегі аттылы жаршылар «Наурыз» келгені жөнінде хабарлап, шашу шашты. Алаңда үлкен шаңырақ және 6 киіз үй көтерілді. Тайқазанға наурыз көжеге қосылатын 7 түрлі дәнді-дақыл салынып, кимешек киген 7 ана ұлттық сусынның дайындалуын көрсетті. Сонымен қатар Қазақстанда мекендейтін түрлі этнос өкілдері ұлттық киімдерімен алаңда жүріп өтті.

Одан кейін мерекелік шара ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесімен жалғасты. Онда 2000 жәдігер қойылды. Көрме аясында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Созақ ауданынан келген Балауса есімді жас бүлдіршіннің тұсауын кесті.

Этноауылда жалғасын тапқан мерекенің көркі ұлттық ойындармен қыза түсті. Онда 20-ға жуық киіз үй тігіліп, ән мен күйден шашу шашылды.
Түркістандағы Ұлыстың ұлы күні мерекелік гала-концертке ұласатын болады.

Сізден жаңалық