Бас жаңалықтар
Сыр елі тағы бір журналисінен айырылды
13 Шілде 2020, 22:10 1342

Сыр елі тағы бір журналисінен айырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі журналист Айжарық Сәдібекұлы дүниеден өтті.

Айжарық Сәдібекұлы – 1939 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, "Қармыс" елді мекенінде дүниеге келген. 

Арман жетегінде қияға қанат қаққан қағылез ұл Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетін тәмамдаған болатын. 

1966-1971 жылдары аудандық "Жаңадария", "Сырдария" газеттерінде бөлім меңгерушісі ретінде алғашқы еңбек жолын бастаған қалам иесінің онан кейінгі кезеңдерде қызмет баспалдағы 1972-1997 жылдар аралығында облыстық "Ленин жолы" (қазіргі "Сыр бойы") басылымында жалғасып, еңбекші хаттары, совет құрылысы, партия тұрмысы, саясат және қоғам бөлімдерінде тілші, аға тілші болып ізденімпаздағымен дараланды. 

Аталған басылымда өлшеусіз еңбек етіп, өшпес қолтаңбасын қалдырған Айжарық Сәдібекұлы бұдан бөлек, яғни 1993-2000 жылдар ішінде республикалық "Сұхбат" және "Түркістан" саяси газеттерінде Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметтерін абыроймен атқарған-ды. 

Қаламның құдіретін ойлы оқырманға ұғындыра білген сала мақтанышы толымды туындылары арқылы өзін кітап сүйер қауымға мойындата алды. Шығармашылық шыңын бағындыра білген абзал азамат тұңғыш әңгімесін облыстық газетте жариялап, тың ойларымен ерекшеленді. 

Руханият саласының көкжиегін кеңейтуге сүбелі үлес қосқан Айжарық Сәдібекұлы "Дария жыры", "Көктемін күткен ару", "Жүректегі жауһарлар", "Аққұмның ақ түндері", "Бал айы", "Жұмыр жерде біз бармыз", "Ашық мұқитқа шыққан алып", "Дарияның тұмасынан қар боратқан", "Парасат майданы", "Бұрынғының адамдары" сынды еңбектерімен жұртшылық ықыласына бөленді. 

Қаламгер көзі тірісінде облыстық партия және комсомол комитеттерінің, облыстық советінің Құрмет грамоталарымен "Қазақстан Республикасының Конституциясының 10 жылдық" медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен, облыс, қала әкімі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Қызылорда облысы әкімінің 2003 және 2009 жылдардағы стипендиаты.

Естеріңізге сала кетейік, кеше ғана Сыр өңірі журналистикасының тағы бір алып бәйтерегі құлаған еді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...