Су тасқыны: Зардап шеккен аумақтың қазіргі жағдайы қандай?

3 Мамыр 2020, 16:06
4309
Бөлісу:
Су тасқыны: Зардап шеккен аумақтың қазіргі жағдайы қандай?
Фото: дереккөз видеодан скрин

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Тасқын су салдарынан жалпы 620 үй жапа шегіп отыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов онлайн брифинг барысында айтты.

Жаңатұрмыс ауылында -  46 үй, Жеңісте – 130, Фердаусиде – 250, Өргебас ауылында – 194 үй су астында қалды. Сондай-ақ, қазір тағы бір ауылды су басқаны туралы мәлімет келді. Ол жердегі зардаптарды зерттеп болған соң, нақты ақпарат таратамыз. Жалпы 620 үй жапа шегіп отыр, - деді әкім орынбасары.  

Сонымен қатар, Қалқаманов су басқан ауыл тұрғындарын көшіру үшін 22 қауіпсіз орын даярланғанын жеткізді. 

Қазір онда орналасқан адамның саны 1 мыңға жуық. Негізі эвакуацияланған адам саны 10 мыңнан асады, Алайда олардың көпшілігі туған-туыстарына, жора-жолдастарының үйіне баруды жөн көрді. Көбі осы ауданмен шекаралас ауылдарға, тағы бір бөлігі Шымкент қаласына кетті, - деді Сәкен Қалқаманов.   

Сөз арасында ол әлеуметтік желіде ТЖД және басқа да құзырлы органдар тиісті деңгейде жұмыс атқармай жатыр деген мәлімет тарап жатқанын айтты.

Мақтаарал аумағындағы су тасқыны зардаптарымен күреске ТЖД-дан бөлек жақын маңдағы бес ауданның жеке компаниясының техникасы тартылуда. Сондықтан су басқан жерде құзырлы органдар жеткілікті деңгейде жұмыс атқармай жатыр деген мәліметтер жалған. Қазір әлеуметтік желі арқылы халықты үрейлендіретін көптеген жалған ақпарат тарауда. Халыққа тек ресми мәліметке сенуге шақырамын. Мұндай жағдайда көптеген адам түсініксіз мәліметті тарату арқылы өз аттарын шығарып қалғысы келеді. Елді дүрліктіріп, жалған ақпарат таратқандарды полицияға тапсырамыз, - деді ол.  

Сондай-ақ, ол бүгін белгісіз адамдардың Kaspi Gold-та шот ашып, зардап шеккендерге қаражат жинап жатқаны туралы мәлімет келіп түскенін айтты. 

Бұл істі прокуратура мен полиция органдарына тапсырдық. Қазір тергеу жүріп жатыр. Мұндай алаяқтар міндетті түрде ұсталып, жазаланады. Қазір онсыз да төтенше жағдай жарияланған, оның сыртында жалған ақпарат таратқандардың бәрі жауапқа тартылады, - деді Сәкен Қалқаманов. 


 

Өзгелердің жаңалығы