Су құбырынан табылған екі адамның денсаулығы өте ауыр

2 Маусым 2020, 16:43
2293
Бөлісу:
Су құбырынан табылған екі адамның денсаулығы өте ауыр

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ХҚКО қызметкері құтқарып қалған екі адамның денсаулығына қатысты түсінік берді. 

Осы жылдың 1 маусымында жедел жәрдем көлігімен ессіз, өте ауыр күйде екі ер адам №7 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді. Келіп түскен кезде екеуіне де: ауыр дәрежелі күкіртсутекпен ингаляциялық улану. Орталық жүйке жүйесінің зақымдануымен уытты энцефалопатия диагнозы қойылды. Қазіргі уақытта 1995 жылы туған бір зардап шегуші ӨЖЖ аппаратынан алынып, өз бетінше тыныс алуда, жай-күйінің жақсарғаны байқалады. Сондай-ақ 1978 жылы туған екінші пациент өте ауыр халде, ӨЖЖ аппаратына қосылған күйде жатыр, - делінген хабарламада.

Бұл екі пациентті емдеу реанимация жағдайында жалғасуда.

Айта кесек, кеше Наурызбай аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері Ержан Әбдіразақов жұмысына бара жатып, жолдағы су құбыры құдығынан қиналып жатқан екі адамды байқап, оларды құдықтан алып шыққан болатын.

Кейін бұл екі адамның «Алматы Су» МКК Суық сумен жабдықтау және су бұру мекемесінің жұмысшылары екені анықталды. Мекеменің баспасөз қызметі таратқан мәліметте екі жұмысшының сол маңдағы коммерциялық нысанның суық суды есептейтін құрылғысын тексеру үшін құдыққа түскені айтылады.

Бұл жұмысшылар 1 маусым күні сағат 12.30 шамасында Қалқаман-2 ықшам ауданындағы Сәбденов көшесі, 43 үй маңында суық суды есептейтін құрылғыны тексеріп жүрген. Белгісіз жағдайға байланысты олар газ буына уланып қалған. Құдықтың тереңдігі 2 метр, диаметрі - 1,5 метр. Қазір олардың неліктен уланып қалғаны тексеріліп жатыр, - делінген хабарламада.
Өзгелердің жаңалығы