Соны тек Парламентке келіп түсіндіңіз бе? – Нығматулин министрге шүйлікті

3 Қараша 2021, 13:21
673
Бөлісу:
Соны тек Парламентке келіп түсіндіңіз бе? – Нығматулин министрге шүйлікті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында спикер Нұрлан Нығматулин Ұлттық экономика министрін сынға алды.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев кәсіпкерлік қызметті реттеуге қатысты заң жобасын таныстырған болатын.

Кәсіпкерлікті реттеу туралы заң жобасында кәсіпкерлердің ақпараттық реттеу құралдарын, есептерін, ақпараттарын, хабарламаларын тек электронды түрде беру қарастырылған. Ал олардың орындалмауы жауапкершілікке әкеледі, – деді депутат Вера Ким.
Осыған байланысты депутат Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі мен Ұлттық экономика министріне сұрақ қойды.
Кәсіпкерлік субъектісінің электронды түрде есеп немесе хабарлама жіберуге мүлде мүмкіндігі жоқ жағдай туралы не айтуға болады? Мысалы, интернетке қолжетімділіктің жоқтығынан. Елімізде қазір қанша елді мекен кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген? Сондай-ақ сапалы интернетпен тұрғындардың санына қарамастан еліміздің барлық елді мекені қай уақытқа дейін 100% қамтылады? Депутаттар ақпараттық құралдардың талаптарын қағаз түрінде де, электронды түрде де орындау мүмкіндігін сақтау үшін түзету енгізді. Депутаттардың түзетуіне қатысты ұстанымыңыз қандай? – деп сұрақ қойды депутат ол.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин елімізде 1 178 ауылда интернет жоқтығын айтты.
Қазір елімізде 6341 ауыл интернетке қосылған, 768-і нашар, ал 1 178 ауыл интернетсіз. 2025 жылға дейін төмен орбиталық спутниктік жүйелер есебінен 1 178 ауылдың 617-сі байланыспен қамтылады. Қалған 600 ауылға ұялы байланыс пен оптикалық кабель түріндегі инфрақұрылым тартылады, – деп айтты вице-министр.
Ал Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев өз сөзінде депутаттардың ұсынысын қолдайтынын айтты.

Депутаттардың ұсынысын қолдаймыз. Есеп беру екі түрлі болуы керек. Яғни қағаз және электронды түрде де. Егер сапалы интернетке қолжетімділік болмаса, онда кәсіпкердің қағаз түрінде есеп беруге құқығы болуы керек, - деп айтты министр.

Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров те депутаттардың ұсынысын қолдайтынын айтты.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин министр мен «Атамекен» өкілінің жауабын сынады.

Соны тек Парламентке келіп түсіндіңіз бе (Министрге – ред.)? Бүгін сіздер депутаттардың ұстанымын қолдап отырсыздар. Заң жобасы болса, оған келісесіздер, тез арада бәрін алып тастау керек болса, тек электронды түрін қалдырасыздар. Бұл қандай позиция? Кәсіпкерлердің мүддесін қорғамасаңыздар, қандай палатасыздар? Кеше сіз кәсіпкерлерге есеп жүргізуге мүмкіндік бермейтін әлсіз интернетпен айтсаңыз, бүгін бұл ұстанымды қолдап отырсыздар, – деп айтты Нұрлан Нығматулин.
Ол бұл жерде әңгіме сапалы интернетке байланысты болып отырғанын айтты. Сөзінше, сапалы интернет болмаса, онда цифрлық есептілікке өту туралы айпай-ақ қоюға болады.
Жақында технологиялық форумда Мемлекет басшысы Үкіметті және осы сұрақпен айналысатын барлық вице-министрді сынаған болатын. Біріншіден, барлық жерде интернет бірдей емес. Ол түсінікті. Қазір кейбір ауылдарда, тіпті орталықтарда да интернет сапасы нашар. Екіншіден, кәсіпкердің барлығы электронды форматта есеп беруге дайын емес. Мысалы, ауылдағы шағын дүкенді алайық. Ол дүкенде бір ғана адам жұмыс істейді. Иесі де, сатушы да, бухгалтері де сол кісі. Егер оның компьютері, планшеті, басқа да электронды техникасы болмаса, онда ол цифрлық құжаттармен қалай жұмыс істейді? Есепті қалай тапсырады? Ал енді ұсыныс бойынша есепті уақытылы тапсырмаса, онда кәсіпкер жауапкершілікке тартылады. Бұл қалай болғаны? Қазір қолданыстағы заңнамаға сәйкес шағын бизнес өкілдері барлық реттеуші мемлекеттік органға қажетті ақпаратты екі форматта беруге құқылы. Енді сіз заң жобасын алып келіп, тек цифрлық есептілікті жүргізуді ұсынып отырмыз. Ұлттық экономика министрлігі бізде қалыпты интернет бар-жоғын тіпті тексермеді. Ал мұндағы негізгі аргумент халықаралық рейтингтегі жақсы позиция. Қазірдің өзінде осы рейтингтерге қолжеткіздік. Кәсіпкерлерде таңдау жоқ, біз оларды айдап жатырмыз. Егер кәсіпкерде техникалық мүмкіндігі, одан бөлек, қабілеті болмаса, әрине, цифрлық құжаттардың тапсыра алмайтыны түсінікті, – деп түйіндеді Нығматулин.
Бұған дейін заң жобасында кәсіпкерлердің қызметі қалай реттелетіні туралы жазған болатынбыз.


Өзгелердің жаңалығы