Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы сегіз айда елдің ішкі жалпы өнімі 3 пайызға төмендеді. Бұл туралы бүгін онлайн өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлім етті.
Қаңтар-тамыз айлары аралығында елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берген министрдің айтуынша, экономиканың нақты секторында өсім байқалуда. Олар - құрылыс, ауылшаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі.Дайын тауарлар экспортының ұлғаюы байқалады. Жылдық инфляция 7 процентке дейін бәсеңдеді. Тауарлар өндірісі 1,7 пайызға өсті, сонымен қатар көрсетілетін қызметтер 6,1 пайызға қысқарды. Нәтижесінде жалпы ішкі өнім 3 пайызға қысқарған, - деді министр.
Өндірістік сектор салаларында, оның ішінде құрылыс 6,5 %, ауылшаруашылығы 4,9 % және өңдеу өнеркәсібі 3,3 % өсу көрсетті.
Нақты сектор бәсекеге қабілеттіліктің жақсы нәтижесін көрсетуде. Мәселен есепті кезеңде машина жасау, 51 пайызға, фармацевтика 34,1 пайызға, дайын металдар өндірісі 38,8 пайызға артқан. Есепті кезеңде Қазақстан әлемнің 105 еліне тауар экспорттады. Автомобиль экспорты 7 пайызға, күнбағыс майы 74 пайызға артқан, - деді министр.