Бас жаңалықтар
Смайылов Қытайдан алатын қарыз жайлы пікір білдірді
12 Наурыз 2019, 12:34 5669

Смайылов Қытайдан алатын қарыз жайлы пікір білдірді

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Қытайдан алынатын 2 млрд юань қарызға қатысты түсініктеме берді. Ол бұл қаржыға қытайлық техника алынатынын жеткізді.

«Сіздер Қытайдан 2 млрд юань, яғни 112 млрд теңге көлемінде 2% қарыз алатындарыңызды жарияладыңыздар. Бұл қарыздың басым бөлігі шекараны техникалық жабдықтауға қолданылады. Қазір Қытайдың «Хлауи» сияқты кейбір компаниялары дүниежүзінде күдік тудырып отыр. Сондықтан, сіздердің шекараға әкеліп қоятын технологияларыңыз ертең мемлекеттің қауіпсіздігіне зиян келтірмей ме? Бұл мәселені шешу үшін сіздер қандай жұмыс жасап жатырсыздар?» - деп журналист Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында Әлихан Смайыловқа сұрақ қойды.

«Біз осы заемды, қарызды сол шекарадағы өтпелі пунктерге бағыттаймыз. Оның 70% құрал-жабдықтарға жолданады. Бұл әлемге белгілі үлкен қытайлық компанияның өнімдері, «Нутэк» компаниясы, ол 122 мемлекетке өзінің техникасын жібереді. Америка және Еуроодақтың дәл сондай техникасымен салыстырғанда оның сапасы, еш жері кем емес, бірақ та бағасы 1,5 есе төмен. Қауіпсіздік мәселесіне келсек, бұл құралды импорттау кезінде оған біздің мемлекеттік орган - ИИДМ-нен тиісті лицензия алыну керек. Осымен бірге, бұл техника біздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінен міндетті түрде тексерістен өтеді. Осылайша, барлық қауіпсіздік сұрақтары қамтылады», - деп жауап берді Әлихан Смайылов. 

Бұған дейін Қазақстан Қытайдан 2,062 млрд юань көлемінде несие алатынын хабарлаған болатынбыз. Қарыз ақша шекарадағы тексеру-өткізу бекеттерін жабдықтауға жұмсалмақ. Тиісті заң жобасын Мәжіліс мақұлдады.

Қымбат Елтайқызы

Загрузка...