Скринингті не үшін өтеді және ол қалай жүргізіледі?

21 Маусым 2021, 15:20
4959
Бөлісу:
Скринингті не үшін өтеді және ол қалай жүргізіледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауруды ерте кезеңде анықтау – оның дамуына жол бермейді. Соның ішінде онкологиялық ісіктерді ерте анықтау арқылы адам өмірін сақтап қалуға да болады. Скринингтік зерттеулер скрининг түріне байланысты ТМККК және МӘМС бойынша жүргізіледі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры скринингтердің қалай жүргізілетінін және олардан кім өтуі керектігін айтты.

Скринингтік зерттеулер дегеніміз не?

Скринингтік зерттеулер – бұл ауруларды ерте кезеңінде анықтау үшін денсаулығына шағымдары жоқ адамдардың медициналық тексерілуі.

Скринингтер қоғамдық денсаулықты сақтауға бағытталған. Оларды өту әр азаматтың міндеті. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің скринингтен өтуі үшін барлық жағдайды жасауға, оның ішінде адам асықпай тексерілуден өтуі үшін жұмыстан босатуға міндетті.

Скринингтен өту үшін пациенттің МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болуы қажет. 

Скринингтік зерттеулерден кімдер өтуі керек?

Скринингтерді тексерулерде қарастырылған белгілі бір жас тобына кіретіндер өтеді. Мысалы, жатыр мойны обырын скринингтен 30-70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда 1 рет өтеді.

Егер осы жылы науқас скринингтен өту үшін тізімге енгізілсе, учаскелік медбике оны скринингке шақырады және тексеруге қалай дайындалу керектігін айтады.

Скринингке жататын ауруы бойынша «Д» есепте тұрған адамдарға тексеру жүргізілмейді. 

Скрининг түрлері, оларды қашан және кімдер тапсыру керек?

-  МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ҚАУІП ФАКТОРЛАРЫН ЕРТЕ АНЫҚТАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН

Мақсатты топ: 30-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер. Тексеру артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы, онкопатологияны ерте анықтауға жүргізіледі.

Өту мерзімі: 4 жылда 1 рет. 

-  АРТЕРИЯЛЫҚ ГИПЕРТОНИЯНЫ, ЖҮРЕКТІҢ ИШЕМИЯЛЫҚ АУРУЫ МЕН ҚАНТ ДИАБЕТІН ЕРТЕ АНЫҚТАУҒА АРНАЛҒАН

Нысаналы топ: артериялық гипертониямен, жүректің ишемиялық ауруымен және қант диабетімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 40-70 жастағы ерлер мен әйелдер.

Өту мерзімі: 2 жылда 1 рет 

- ГЛАУКОМАНЫ ЕРТЕ АНЫҚТАУҒА АРНАЛҒАН

Мақсатты топ: глаукомамен динамикалық бақылауда тұрмайтын 40-70 жастағы ерлер мен әйелдер.

Өту мерзімі: 2 жылда 1 рет 

- ЖАТЫР МОЙНЫ ОБЫРЫН ЕРТЕ АНЫҚТАУҒА АРНАЛҒАН

Мақсатты топ: жатыр мойнының қатерлі ісіктерімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 30-70 жастағы әйелдер.

Өту мерзімі: 4 жылда 1 рет 

-  СҮТ БЕЗІ ОБЫРЫН ЕРТЕ АНЫҚТАУҒА АРНАЛҒАН

Мақсатты топ: сүт безінің қатерлі ісіктерімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 40-70 жастағы әйелдер.

Өту мерзімі: 2 жылда 1 рет 

-   КОЛОРЕКТАЛЬДЫ ОБЫРДЫ ЕРТЕ АНЫҚТАУҒА АРНАЛҒАН

Нысаналы топ: тоқ ішектің қатерсіз және қатерлі ісіктерімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 50-70 жастағы ерлер мен әйелдер.

Өту мерзімі: 2 жылда 1 рет 

- В ЖӘНЕ С ВИРУСТЫҚ ГЕПАТИТТЕРІН ЕРТЕ АНЫҚТАУҒА АРНАЛҒАН

Зерттеудің бұл түрі келесі тәуекел топтары арасында жүргізіледі.

1. Медицина қызметкерлері:

- Қанды қайта өңдеуге қатысатын инвазивтік емшаралар жүргізетін; гемодиализбен айналысатын қан қызметі ұйымдары;

- хирургиялық, стоматологиялық, гинекологиялық, акушерлік, гематологиялық бейіндер, сондай-ақ диагностика мен емдеудің инвазиялық әдістерін жүргізетін; - клиникалық, иммунологиялық, вирусологиялық, бактериологиялық, паразитологиялық зертханалар;

2. Жоспарлы және шұғыл операцияларға түсетін тұлғалар;

3. Гемодиализ, гематология, онкология, транспланттау, жүрек-тамыр және өкпе хирургиясы орталықтары мен бөлімшелерінің пациенттері;

4. Гемотрансфузия, ағзаларды (ағзалардың бөліктерін), тіндерді, жыныстық, феталдық, дің жасушаларын және биологиялық материалдарды транспланттау мен ауыстырып салуды алатын пациенттер

5. Жүкті әйелдер

6. Өмір салтының ерекшеліктеріне байланысты АИТВ-инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары халықтың негізгі топтарындағы адамдар

В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға скринингтік зерттеулерден қауіп топтарының өкілдері 6 айда 1 реттен жиі өтпеуі тиіс.

Скринингтік зерттеулерді кім жүргізеді?

Скринингтерді тіркелген жері бойынша емханалар жүргізеді.

Ауылдық жерлерде тұратын пациенттер үшін олардың медициналық ұйымдарынан басқа (медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер, амбулаториялар, емханалар және аудандық ауруханалар) жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық поездар скринингтер жүргізеді.

Скринингтік зерттеулерді жүргізу кезеңдері

Скринингтік зерттеулер жүргізу мыналарды қамтиды: дайындық кезеңі, қарап-тексеру және (немесе) зерттеу кезеңі, қорытынды кезең.

Дайындық кезеңін емханада медбике жүзеге асырады және мыналарды қамтиды:

- скринингтік зерттеулерден өту қажет азаматтардың тізімін жасау;

- бұл азаматтарды скринингтік зерттеулерден өту қажеттілігі мен шарттары туралы хабардар ету;

- халықты скринингтік тексеруге шақыру;

- халықтың скринингтен уақтылы өтуін бақылау.

Содан кейін тексеру кезеңі жүргізіледі - бұл учаскелік дәрігердің, бейінді мамандардың, медбикелердің қабылдауы, сондай-ақ скринингтік зерттеу түріне байланысты зертханалық және диагностикалық зерттеулер.

Қорытынды кезең толық тексеруді және анықталған патологиясы бар адамдарды динамикалық бақылауға қоюды қамтиды. Скринингтердің нәтижелері медициналық ақпараттық жүйеге енгізіледі, ал пациент толық тексеру және бақылау бойынша ұсынымдар алады.

Қарап-тексеру барысында анықталған созылмалы аурулары бар адамдар есепке қойылады және динамикалық бақылауда болады. Жіті аурулар анықталған кезде тексеру жүргізіледі, толық сауыққанға дейін пациенттің денсаулық жағдайын кейіннен бағалау арқылы емдеу тағайындалады.

Скринингтік зерттеулер денсаулықты сақтау үшін өте маңызды, өйткені олар аурудың дамуын уақтылы анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарды осы мүмкіндікті өткізіп алмай, емхананың шақыруы бойынша скринингтен өтуге шақырады, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы