Сириядан 30 бала қайтарылды – Назарбаев

9 Қаңтар 2019, 15:30
2578
Бөлісу:
Сириядан 30 бала қайтарылды – Назарбаев
VIDEO

Астана, baq.kz. Ақорданың ресми сайтында Мемлекет басшысының Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жөніндегі гуманитарлық шараның аяқталуына байланысты мәлімдемесі жарияланды.

Нұрсұлтан Назарбаев Сириядан 47 азаматымыз елге қайтарылғанын айтты.

"Биылғы 6 қаңтарда менің тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан 47 азаматымыз, соның ішінде 30 бала елімізге қайтарылды", - деді ол.

Ол Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсететінін айтты.

"Олар дағдарыс жайлаған елге алданып барып, террористердің (Қазақстанда тыйым салынған ИЛИМ халықаралық лаңкестік ұйымының) тұтқынында болды. Қазақстанға келген соң әйелдер мен балаларға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілді. Осындай ауыр жағдайға ұшыраған бұл кінәсіз жандардың қуанышында шек жоқ. Олар бір ай бойы бейімдеу орталығында болып, қажетті медициналық көмек алады. Атқарылған жұмыс мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді. 

Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсетеді. Біздің негізгі міндетіміз – еліміздің қауіпсіздігін, халқымыздың береке-бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету. Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген балаларды қайтару жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз", - деді Мемлекет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы