Бас жаңалықтар
СІМ: Қазақстан елшілігі Бейжіңде жедел желі ашты 
24 Қаңтар 2020, 17:21 206

СІМ: Қазақстан елшілігі Бейжіңде жедел желі ашты 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның Қытайдағы елшілігі карантиннің енгізілуіне байланысты Бейжіңде тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі ашты. Байланыс телефондарын елшіліктің немесе министрліктің веб-сайтынан алуға болады. Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров айтты. 

Барлық жолаушылар тепловизор мен сканерден өткізіліп жатыр. Қытайдан келетін рейстерге мониторинг күшейтілді. Карантиннің енгізілуіне байланысты Қытай аумағындағы біздің азаматтар үшін Пекиндегі Қазақстан елшілігі тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі ашты. Телефондарын елшіліктің немесе министрліктің веб-сайтынан алуға болады, - деп мәлімдеді сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы. 

Айбек Смадияровтың айтуынша, коронавирусты жұқтырған науқастар арасында Қазақстан азаматтары жоқ.
Қытай елінің Ухань қаласында қоздырушы коронавирустың жаңа түрі болып табылатын пневмония ауруының көптеген жағдайлары тіркелген. Бүгінгі күні жұқтырғандар саны 830 адамнан асып, 25 адам қаза тапты. Қытайдың денсаулық сақтау органдары вирустың провинциядан тыс жерлерде кең таралуын болдырмау жөнінде тиісті шаралар қабылдауда. Ухань қаласы мен Хубэй провинциясына және оған жақын қалаларда карантин режимі енгізілді. Көлік қатынастарының барлық түрлері тоқтатылды, - деп хабарлады спикер бүгінгі баспасөз брифингінде. 

Осыған байланысты, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытайға баруды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына тиісті сақтық шараларын қабылдауды және жұқтырып алу қауіпі жоғары Ухань қаласы мен Хубэй провинциясына барудан уақытша бас тартуды ұсынды.
Жергілікті биліктің қатаң талаптарын сақтау қажет. Ауруға күдік туындаған жағдайда дереу медициналық мекемеге барып, елшілікке хабарласу қажеттігіне назар аударамыз. Сыртқы істер министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып Қытайдағы эпидемиологиялық ахуалды мұқият қадағалайды, - деп түйіндеді өз сөзін Айбек Смадияров. 
Айта кетейік, коронавирустың елге әкелуін болдырмау және алдын алу мақсатында санитарлық-профилактикалық шаралар кешені қабылдануда.




Загрузка...