Бас жаңалықтар
Шымкенттік оқушы әлемнің үш мықты университетінің грантын жеңіп алды
31 Мамыр 2020, 14:05 516

Шымкенттік оқушы әлемнің үш мықты университетінің грантын жеңіп алды

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Бір емес, бірнеше университет грантын жеңіп алған оқушылар туралы сирек те болса естиміз. Міне, сондай оқушылардың бірі – Алина Ахмет. Шымкенттегі Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің биылғы түлегі. Қазақстандағы Назарбаев университетінің, шет мемлекеттерден Катар мен Канаданың озық оқу орындарында тегін оқу грантын жеңіп алған Алина Ахметпен әңгімелесіп, мұндай жетістікке қалай жеткенін сұрадық.

 

Мен таңдаған университет – әлемнің ең мықты 50 университеті тізімінде

Бір емес 3 бірдей мықты жоғары оқу орнының грант иегері Алина Ахметтің оқитын мамандығы – халықаралық қатынастар. Таңдаған университеті – Канадада.

Ең алдымен еліміздегі ең мықты жоғары оқу орны саналатын Nazarbayev университетінің грант иегері атандым. Сосын Катардағы Carnegie Mellon University in Qatar мен Канададағы The University of British Columbia университеттерінен жеңіп алдым. Ата-анаммен ақылдаса отырып, сондай-ақ өз жүрек қалауыммен осы 3 жоғары оқу орнының ішінде Канададағы университетті таңдадым. Өйткені The University of British Columbia университеті - әлемдегі ең мықты 50 университететің қатарына кіреді. Ол жақта мүмкіндіктер өте көп. Соның бәрін ойлана келе осындай шешімге келдім. Ол оқу орнында "Халықаралық қатынастар" мамандығы бойынша оқимын. Бұл жоғары оқу орнының таңдауымның басты себебінің бірі - дәл осы мамандық бойынша маман даярлайтын ең мықты университет саналады,-дейді Алина Ахмет.

 

Мектебімізде университет таңдауға көмектесетін кеңесшілеріміз бар

 

Назарбаев зияткерлік мектебінің бір мықты тұсы – мектепте оқушыларға университет және мамандық таңдау, құжат тапсыру бойынша кеңес беретін кәсіби бағдар беруші мамандар да қызмет етеді.

Алина Ахмет (2).jpeg

Біздің Назарбаев зияткерлік мектебімізде жоғары оқу орнын таңдағанда және мамандық таңдау барысында жан-жақты кеңес беретін мамандарымыз бар. Кәсіби бағдар беруші деп аталады. "Кеңесші" деп атаймыз. Канададағы университет жайлы кеңесшіміз айтты. Грант бөлініп жатқанын, конкурс жарияланғанын сол кісілер арқылы біліп отырамыз. Осылайша документтерімізді жинап, Канадаға жібердік. Нәтижесі көңіл қуантты. Бұл үшін әрине өте қуаныштымыз. Оқу орнына тек қана құжат тапсырумен шектелмейміз. Арнайы тестілеуден өтпесек те ағылшын тілін білу маңызды. Ағылшын тіл біліміңді көрсету үшін IELTS емтиханын тапсыруымыз керек. Мен Назарбаев зияткерлік мектебінже оқығандықтан 8-сыныптан бері әртүрлі қалаларға, елдерге жиі бардым. Оқу барысы және түрлі жарыстарға сапарлаймыз. Ал 11-сыныпты АҚШ Мемлекеттік департаменті толықтай қаржыландыратын FLEX бағдарламасы бойынша АҚШ-та оқыдым. Сондықтан ата-анам шетелге барып оқуыма еш қарсы емес. Ол кісілер үйреніп қалған. Олардың тарапынан тек қана қолдау көрдім. Осы жолы да таңдауыма тек қолдау жасады,-дейді Алина Ахмет.

 

20 оқушымыз шетелдік жоғары оқу орындарының грантын ұтып алды

 

Осы тұста Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің кәсіби бағдар беру бойынша кеңесшісі Мөлдір Тәжібекова өз жұмысы туралы айтып берді. Ол Алина Ахметтің бірнеше университет грантын алуына септесіп, кеңес беріп, бағыт көрсеткен.

Назарбаев зияткерлік мектептерінде "кәсіби бағдар беруші" деген мамандар болады. Біз оқушыларға, әсіресе жоғары сынып оқушыларына болашақ мамандығын таңдау барысында баламен кеңесіп, ата-анасымен ақылдасып, басқа да мектептегі мұғалімдермен, әкімшілік қызметкерлермен бірлесе жұмыс жасаймыз. Олардың өміріндегі ең маңызды сәтінің бірі саналатын кезеңде дұрыс таңдау жасауына көмектесеміз. Мектебімізде 2016 жылдан бері шетелден грант ұтып алатын оқушылардың саны жылдан-жылға артып келе жатыр. Биыл 75 оқушы мектепті бітірді. Солардың 20-ға жуығы шетел университтерінің грантына ие болды. Бірнеше оқу орнынан грант жеңіп алған оқушалармыз да бар. Олардың бірі – осы Алина Ахмет болса, тағы бірі – Гүлназ Серікбай деген түлегіміз. Ол да бірнеше шетелдік жоғары оқу орнынан шақырту алды. Біздің мектептің басты мақсаты –түлектер қандай жерден шақырту алса да ең мықты маман болып қалыптасуы, болашақта елі үшін адал қызмет атқаратын тұлғаларды тәрбиелеп шығару. Сол мақсатта талмай жұмыс істеп келеміз. Енді бір елде мықты университтерде қандай гранттар бөлініп жатыр, қандай жақсы мүмкіндіктер болып жатыр, біз соның барлығынан оқушыларды хабардар етіп отырамыз. Дегенмен бұл жағдай тек кеңесшіден ғана білетін мәлімет емес. Ең алдымен оқушының өз ынтасы және ізденімпаздығы болу керек. Бұл жағдайға да балалардың сабақ үлгерімі, қоғамға араласуы, білімді болуы маңызды. Біз тек бағыт көрсетеміз. Өйткені әлемдегі мыңдаған университеттердің дедлайнын біліп отыру бір ғана оқушыға мүмкін емес. Сол себепті де біз сондай ақпараттарды біліп, жаңалықтармен оқушыларды хабардар етеміз. Бұл – біздің міндетіміз. Тағы бір айта кетер жайт, біленімізді тек Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларына айтып қана қоймаймыз. Директорымыз Балхан Маратұлының бастауымен басқа да қаладағы мекептерге барамыз. Мысалы №90 мектепке, Дарын мектептеріне бардық. Сол мектеп оқушыларына да кеңес беріп, осы бағытта жұмыс істеуді айттық. Түлектерді ынталандырып, ақпарат беруді дұрыс санаймыз. Өздеріңіз де білесіздер, биылғы түлектер үшін ерекше жыл болғаны бәрімізге мәлім. Оған біздің мектеп бітірушілеріміз еш мұңаймаса екен деймін. Кез келген жағдайға жағымды көзқараспен қарап, басқаша бағамдай білсеңіздер өзіңіз үшін бәрі жақсы болары анық. Алда бәрі жақсы болатындығына сенім білдіріңіз,-дейді Мөлдір Тәжібекова.

 

Арманым - Канадада оқып, елге оралып, елге қызмет ету

 

Алина Ахметтің сөзінше, ол таңдаған университет тегін оқытқаны үшін, оқу бітірген соң, сол елде қалып, қызмет етуді міндеттемейді. Елге қайтуға болады.


Алина Ахмет (3).jpeg

Канадағы The University of British Columbia университетіне түсудің де өзіндік талаптары болады. Мысалы менің жалпы бағам 80 пайыздан көп болу керек екені айтылды. Сол жақтан білім алу барысында университет тарапынан ұйымдастырылатын іс-шараларға да қатысуымыз міндетті болады, өйткені, жан-жақты болу маңызды. Көп құрдастарым "сол жақ тегін грант ұсынған соң, мүмкін белгілі бір уақыт сол жақта қалып жұмыс істеу керек шығар" деп ойлап жатады. Бұндай талаптары жоқ. Диплом алған соң, "елге қайтып, туған жер, ел үшін қызмет етем" десең де өзің білесің. Мен де "елімізге оралып, еліміздің дамуы үшін атсалыссам" деген арманым бар. Мамандығым – "Халықаралық қатынастар" болғаннан кейін сыртқы істер министрлігінде жұмыс істегім келеді. Не болмаса "халықаралық компанияларда еңбек етіп, дипломат жолын жалғастырсам" деген мақсатым бар.

 

12 сыныпқа дейін it-маманы болуды ойладым

 

Алина Ахмет Канададағы оқуын аяқтап, елге оралған соң, Nazarbayev университетінде магистратурада оқуды жоспарлап отыр.

Назарбаев университетінде магистртураны да оқуым мүмкін. Мен Назарбаев зияткерлік мектебіне түскен сәттен бастап, сабақ оқудан бөлек, іс-шаралар ұйымдастыруға да құлшынысым артты. Ұйымдастырушылық жұмысты жаным сүйеді. Бұл адамды жауапкершілікке үйретеді. Дегенмен мен 12-сынып басына дейін it-саласында қызмет еткім келетін. "Сол сала бойынша білімімді жалғастырсам" деп информатика сабағына қатты назар аудардым. Бірақ тереңдетіп оқыған сайын, сол сабаққа деген құлшынысым жоқ екенін байқадым. Қазір it-саласы әлемдік деңгейде қатты дамып жатыр. Сондықтан да көңілім қатты қаламаса да сол мамандықты таңдап алған сияқты болғанымды түсіндім. Ал адам өмірінде үш нәрседен қателеспеу керек болса, соның бірі – мамандық екенін ескере келе "Халықаралық қатынастар" мамандығын жаным қалайтынын ұқтым. Бұл мамандықтың мен үшін ең жақсы екеніне көзім жетті. Себебі кішкентайымнан басқалармен сөйлесіп тіл табысу, адамдармен қалай жақсы қарым-қатынас жасауды жақсы білемін. Жаныма осы саланың жақын екенін түсініп, 12 сыныптан бастап бірден осы бағытта дайындалып кеттім, - дейді ол.

Кез келген еңбектің нәтижесі болады

 

Алина Ахмет шетел университетінің грантын жеңіп, сонда оқығысы келетін іні-сіңлілеріне кеңесін де айтты.

Алина Ахмет 5.png

Жалпы Канадаға оқуға түсу үшін тек қана сабақта алған бағалар маңызды емес. Бұған қоса әлеуметтік өмір де маңызды. Жан-жақты болуыңыз керек. Мысалы, мен 7-сыныптан бері еріктімін. Волонтерлықпен айналысамын. Мектепте өз воленторлық клубымды құрып, кішкентай балаларға көмектесіп жүрдік. Мектептегі көп жиын-концертте жүргізуші болып, би билейтінмін. Зерттеулік жұмыстармен де айналыстым. Осының барлығы көмегін тигізді. Содан кейін Канадаға оқуға тапсыру үшін IELTS нәтижесін жібердім. Бұл – ағылшын тілін білу деңгейін анықтайтын экзамен. Мен оған да өте тыңғылықты дайындалдым. Өйткені шетелден грнат жеңіп алу үшін бұл өте маңызды. Талмай еңбек пен оқудың арқасында өте жақсы нәтиже көрсеттім. IELTS емтиханына дайындалатын кітаптар өте көп. Интернеттен IELTS дайындық, IELTS подготовка деп іздесеңіз, өте көп кітап шығады. Сол кітарды оқып, дайындалса көмегі көп болады. Ең бастысы – еңбек екенін айтқым келеді. Кез келген еңбектің, ізденістен тек жақсы нәтиже шығады. Сонымен қатар, оқумен ғана шектелмей жан-жақты болсаңыз бұл да маңызды. Биыл біз мектеп бітіретін кезде соңғы қоңырау, мектеп бітіру кешіміз болмады. Дегенмен біздің мектебіміз түлектерге онлайн негізінде соңғы қоңырау ұйымдастырды. Бұл біз күткеннен де өте жоғары деңгейде өтті. Біз үйде болсақ та мектепте жүргендей сезіндік. Бәрі тамаша деңгейде ұйымдастырылды. Бізді ойлап, түлектердің еңсесін түсірмей, қолдан келгенше соңғы қоңырау үнін естуімізге мүмкіндік жасаған мектеп басшылығына және ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз,-дейді грант иегері.

 


Фото: дереккөз
Загрузка...