Шымкентте 11 байланыс станциясы орнатылады

30 Маусым 2020, 23:39
1381
Бөлісу:
Шымкентте 11 байланыс станциясы орнатылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласында 11 байланыс станциясы орнатылады, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметінен.

Бұл туралы шаһар басшысы М.Әйтенов қаланы сапалы интернетпен қамту мәселесі бойынша "Қазақтелеком", "ТрансТелеКом" АҚ директорлары және ұялы байланыс операторларымен өткізген онлайн жиналысында айтылды.

Онда цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Д.Әлібеков қаланы сапалы интернетпен қамтамасыз етудің 2020-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарымен таныстырды.

Базалық станция орнату үшін қала аумағынан 11 жер телімі анықталып, Google maps картасында белгіленген. Олар Н. Назарбаев даңғылы, Арғынбеков пен Айша бибі көшесінде, Қайтпас, Шымсити-Асар қиылысы, Қайнарбұлақ шағын ауданы, Асар шағын ауданындағы ішкі айналма жолы, Шымкент-Алматы тас жолынан Достық шағын ауданы бағытына қарай, Төлеметов-Өтегенов көшелерінің қиылысына қойылады деп жоспарлануда, - деп атап өтті басқарма басшысының міндетін атқарушы Д.Әлібеков.

Стратегиялық жоспарда қаланы интернетпен қамту мәселесі бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізетін жұмысшы топ құру, тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін байланыс операторларымен меморандум түзу, "Ақылды күнбағыс" ақпараттық-танымдық кешенінің қызметін күшейту және санын арттыру, орнатылған базалық станциялардың адам өміріне қауіпсіздігі жөнінде тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қаралған.

Еліміздің цифрлық даму жолында интернет мәселесінің басты назарда екенін айтқан Мұрат Дүйсенбекұлы мегаполисті сапалы интернетпен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты талабы екенін жеткізіп, салалық қала әкімінің орынбасарына стратегиялық жоспардың орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.



Өзгелердің жаңалығы