Шекарашылар қар құрсауында қалғандарға көмектесті

22 Қаңтар 2019, 20:18
2589
Бөлісу:
Шекарашылар қар құрсауында қалғандарға көмектесті

Астана, BAQ.KZ. Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Мақаншы шекара отрядының кезекші бөліміне «Талдыкорған – Аягөз» тас жолының 92-жолайрық (разъезд) деп аталатын тұсында төтенше жағдай орын алғандығы туралы ақпар келіп түсті. 

Ұйтқи соққан боран (25-30 м/с) тас жолды омбы қарға көміп, техникалық көліктер қозғала алмай, тоқтап қалыпты. Анықталмаған мәліметтерге қарағанда, 500-ден астам адам қар тұтқынында қалған екен.

"Әскери бөлім басшылығы тез арада шешім қабылдап, шұғыл түрде құтқару тобын құрды. Қажетті құралдарымен, түнде көретін құрылғылармен жабдықталған, қосымша аккумуляторлық батареялар, жылы көрпелер, азық-түліктер тиелген жол талғамайтын көліктерге мініп төтенше оқиға орын алған жерге аттанған екі байланыс маманы, екі әскери дәрігер, шаңғышылардан тұратын топ түнгі сағат 3-тен өте діттеген жерге жетіп құтқару жұмыстарына кірісті" - делінген ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Шекарашылар 3 жүк көлігін, 4 жолаушылар автобусын, көптеген жеңіл автокөліктерді жүргізушілерімен және жүргіншілерімен қоса барлығы 13 автотехниканы қауіпсіз жерге алып шықты. Құтқарылғандар ішінде толғағы таяп тұрған әйел де бар екен. Сонымен бірге ыстығы көтерілген екі автокөліктің жүргізушісіне медициналық көмектер көрсетілді. Кеше, сағат 13.30-да құтқару тобы өз жұмысын аяқтады.

Өзгелердің жаңалығы